Кәсіпкер Михаил Ломтадзе ресми түрде елордалық «Жеңіс» футбол клубының қожайыны болды.
Қазақстан Президентінің футболды дамыту жөніндегі стратегиясы аясында Михаил Ломтадзе Астананың «Жеңіс» клубына инвестиция салып, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі балалар футбол академиясын құруды қолға алды.
Клубтың ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде:
«Михаил Ломтадзе елордалық “Жеңіс” футбол клубына инвестиция салады және Астанада әлемдік стандарттарға сай балалар академиясын құруды бастайды. Академия жас таланттарға тегін жаттығу мүмкіндігін ұсынады», – делінген.
Жаңа академия «Жеңіс» ФК базасында бой көтереді. Мұнда жас спортшылар заманауи инфрақұрылым мен халықаралық деңгейдегі дайындық жүйесі арқылы кәсіби футболға жол ашпақ.
Жоба Қазақстан футболының ұзақмерзімді дамуына және жас буын арасынан жаңа жұлдыздардың шығуына бағытталған.
Өткен маусым қорытындысы бойынша «Жеңіс» ҚПЛ турнирлік кестесінде алтыншы орынға тұрақтап, 36 ұпай жинады.
Forbes Kazakhstan дерегінше, Михаил Ломтадзенің байлығы 3,9 миллиард доллар. Ол — халықаралық деңгейде танымал кәсіпкер және инвестор.
Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Михаил Ломтадзе Англияның “Уиком Уондерерс” клубының 90 пайыздық бақылау пакетінің иесі атанды.
Бұл команда елдің футбол лигалары жүйесіндегі үшінші деңгей — Лига 1-де өнер көрсетеді.