Грекияның атақты «Олимпиакос» клубы Чемпиондар лигасы аясында алматылық «Қайратпен» кездесуге Астанаға келді. Алдағы ойын қарсаңында команданың жартылай қорғаушысы Сантьяго Эссе Қазақстан астанасындағы аязға, жабық стадионға және матчқа деген көңіл күйіне тоқталды.
Бастапқыда кездесу Алматыда өтуі керек еді. Алайда «Қайрат» басшылығы УЕФА-ға ресми түрде жүгініп, ойынды елордадағы жабық арена – «Астана Аренаға» ауыстыруды сұраған.
Алматыда бүгін және ертең термометр бағаны нөлден төмен қатты түспейді. Ал Астанада түнде-ақ аяз, минус температура мен жел күтілуде. Соған қарамастан Астана алғаш рет дәл осы кезеңдегі матчты қабылдамақ.
БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Сантьяго Эсседен бірінші кезекте Астанадағы суық ауа райы туралы сұралды.
«Ертеңгі матчқа ауа райы қалай әсер ететінін білмеймін, бірақ біз де, «Қайрат» та – бірдей жағдайда ойнаймыз. Біз үшін бастысы – команда ретінде дұрыс ойнап, бапкерлер штабының тапсырмаларын толық орындау. Жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз», – деді ол.
Журналистер грек ойыншысынан «Қайратпен» кездесу алдындағы эмоциясын да сұрады.
«Бұл – біз үшін кезекті матч. Біз әр ойынды бірдей маңызға ие деп қабылдаймыз. Әр кездесуде 100 пайызымызды береміз, өйткені бұл – біздің жұмысымыз. Ертеңгі ойында мүмкіндігінше көп ұпай алғымыз келеді», – деп жауап берді Эссе.
Грекиялық клубтың бас бапкері Хосе Луис Мендилибар да Астанадағы аязға тоқталмай кете алмады.
Одан журналистер:
— «Сіздің жанкүйерлеріңіз бұл матчқа Астанаға келе алды ма?» – деп сұрады.
Испаниялық маманы былай деді:
«Бұл жаққа, осыншама алысқа, мұндай суық елге келу – оңай шаруа емес. Соған қарамастан бізге жанкүйер болып, осы жерге жеткен адамдарға алғыс айтқым келеді», – деп жылылық танытты бапкер.
«Қайрат» – «Олимпиакос» кездесуі «Астана Аренада» 9 желтоқсанда сағат 20:30-да басталады.