«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин «Олимпиакосқа» қарсы матчтан кейін ойыншылардың демалысы мен қаңтардағы маңызды кездесулерге дайындық жоспарын айтты.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі «Олимпиакосқа» қарсы ауыр ойыннан кейін алматылық клубқа қысқа ғана тынығуға мүмкіндік берілді.
Рафаэль Оразбахтин футболшыларға шағын демалыс берілгенін айтып, нақты мерзімін де атады:
«Футболшылар 2 қаңтарға дейін демалады. 3 қаңтарда медтексерістен өтеміз, ал 5 қаңтарда маусымалды оқу-жаттығу жиынына ұшамыз. 15-і күні қайта ораламыз», — деді бас бапкер.
Яғни ойыншылардың «кетуі» – клубтан толық қоштасу емес, қысқы демалыс пен жиындарға байланысты қалыпты үдеріс.
Оразбахтиннің айтуынша, оқу-жаттығу жиындарынан кейін «Қайратты» өте тығыз кесте күтіп тұр. Команда дайындықтан кейін бірден жоғары қарқынды ойын ырғағына қайта кіруі керек.
«20-сы күні бізде матч бар. Сондықтан оған дейін бес күн бұрын оралуымыз қажет. Ұшып келу, қайта Алматы арқылы өтуіміз бар, матч жақындағанда тағы да Астанада жиналамыз. Мұнда дайындаламыз. Алдымен „Брюггемен“ ойнаймыз, одан кейін сырт алаңда „Арсеналмен“ матч күтіп тұр», — деп атап өтті Оразбахтин.
Клубтың ресми күнтізбесіне сәйкес 20 қаңтарда «Қайрат» Астанада Бельгияның «Брюгге» клубын қабылдайды.