Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баспасөз мәслихатында аймақта футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарын таныстырып, жаңа футбол стадионының құрылысы бойынша нақты мәлімет берді. Айтуынша, бұл жұмыстар «Шахтер» клубы жекешелендірілгеннен кейін жүйелі түрде қолға алынбақ.
Өңір басшысы ең алдымен 1956 жылы салынған ескі стадионның қайта жаңғыртылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, реконструкция жұмыстары былтыр басталған.
Әкімнің мәліметі бойынша алаңға жөндеу жүргізілген. Келесі кезекте трибунаның астындағы бөлмелер мен жалпы инфрақұрылымды жаңарту жоспарланған.
Екінші бағыт ретінде Қарағандыда жабық стадионның жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Алдын ала жоспар бойынша жаңа арена шамамен 12 мың көрерменге лайықталмақ.
Жаңа стадион спорттық кластер аумағында, яғни Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ықшамаудандарының арасында орналасады.
Еске салайық, Қарағандының «Шахтер» ФК жаңа иесі — Тимур Турлов.