Қазақстан құрамасының 26 жастағы вингері Ислам Чесноков жақын арада мансабын Шотландияда жалғастырады. Футболист Эдинбургтің «Хартс» клубына қосылуға бір қадам қалды.
ASnews.kz дерегінше, бұрынғы «Тобол» ойыншысының Шотландияға сапары визалық рәсімдерге байланысты уақытша кейінге шегерілген. Құжат мәселесі толық шешілген соң, Чесноков жаңа командасының орналасқан жеріне бірден аттанады.
Шотландиялық клубқа жақын дереккөздің айтуынша, келісімге қатысты ешқандай қиындық жоқ:
«Ислам тек визаны күтіп отыр. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Оны Рождестводан кейін команда сапында көреміз».
Алдын ала жоспарға сәйкес, Ислам Чесноков 25 желтоқсаннан кейін Эдинбургке ұшып, 3 қаңтарда «Ливингстонға» қарсы матчта «Хартс» сапындағы алғашқы ойынын өткізуі мүмкін. Қазіргі таңда футболист демалысын Қазақстаннан тыс жерде өткізуде және жаңа клубына қосылуға дайындық үстінде.
Айта кетейік, 18 турдан кейін Дерек Макиннестің шәкірттері Шотландия Премьер-лигасында 41 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Соңғы кездесулерде «Хартс» елдің алпауыттары — «Селтик» пен «Рейнджерсті» бірдей 2:1 есебімен жеңіп, чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін айқын көрсетті.
Өткен маусымда Ислам Чесноков жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 29 матчта 15 нәтижелі әрекетпен көзге түсті. Оның Шотландия чемпионатына ауысуы Қазақстан футболы үшін де маңызды қадам болмақ.