Қарағандылық "Шахтёр" Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынындағы бақылау матчтарының қарсыластарын жариялады.
Қарағандылық команданың Түркияның Анталья қаласындағы оқу-жаттығу жиыны 9 қаңтарда басталып, 22 қаңтарға дейін жалғасады. Осы аралықта ұжым бірнеше спарринг өткізеді.
Дмитрий Огайдың шәкірттері 18 қаңтарда Венгрияның "Гонвед" ұжымымен күш сынасады.
Бұл клуб 1950-жылдардағы Венгрия құрамасының әйгілі "Алтын құрамына" негіз болған команда ретінде тарихта қалған.
Ал 22 қаңтарда Косово елінің "Фероникели" елубы қарсылас болады.
Клуб өз елінде үш дүркін чемпион, сондай-ақ екі мәрте Кубок иегері атанған.
Айта кетейік, өткен маусымда "Шахтёр" Бірінші лигада 50 ұпай жинап, төртінші орын алды. Бұл нәтиже клубқа ҚПЛ-ға тікелей жолдама алуға мүмкіндік берген жоқ.
Қарашаның соңында Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған "Шахтёр" ресми түрде миллиардер Тимур Турловтың иелігіне өтті. Осылайша, қарағандылық ұжым ҚПЛ-дан тыс болса да, жекешелендіру толқынына іліккен санаулы командалардың бірі атанды.