Германиядағы "Магдебург" – "Динамо" (Дрезден) ойыны кезінде стадионда және қала аумағында тәртіпсіздік тіркелді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 64 полицей жарақаттанып, оның 17-сі ауруханаға жеткізілген.
Германияның 2-бундеслигасындағы (екінші лига) "Магдебург" пен Дрезденнің "Динамо" клубтары кездескен ойын кезінде жанкүйерлер арасындағы қақтығыс өршіп, салдарынан 64 полиция қызметкері жарақаттанды. Оқиға Саксония-Анхальт жергілікті билігі тарапынан да қатаң айыпталды.

Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәртіпсіздік бірінші тайм аяқталар тұста "Магдебург" жанкүйерлерінің қонақ секторына қарай өтуге әрекеттенуінен кейін ушыққан. Полиция оларды тоқтатуға тырысқанымен, жағдай төбелеске ұласып кеткен.
Қақтығыс кезінде тәртіп сақшыларына пиротехника атылып, түрлі заттар лақтырылғаны айтылды. Атап айтқанда, тас, металл тосқауылдар, тіпті кәріз қақпағы мен тротуар плиталары қолданылған.
Саксония-Анхальт ішкі істер министрлігінің дерегінше, жарақат алғандардың бір бөлігі ауруханаға жеткізілген. Ойынға шамамен 28 мың көрермен жиналған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше жүз полиция қызметкері жұмылдырылған.
Тәртіпсіздік стадионмен ғана шектелмей, қала аумағында да тонау және мүліктік залал фактілері тіркелгені хабарланды. Осыған байланысты арнайы тергеу тобы құрылып, оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары басталды.
Матч уақытша тоқтатылғанымен ойын соңына дейін жалғасып, Дрезденнің "Динамосы" 2:1 есебімен жеңіске жетті.