Словакиялық "Тренчин" сапындағы қазақстандық хавбек Шахмұрза Әдірбеков клубтың жастарды дамыту жүйесін жоғары бағалап, өзіне бұл үлкен мотивация екенін айтты.
Словакияның "Тренчин" клубында ойнайтын қазақстандық жартылай қорғаушы Шахмұрза Әдірбеков маусымның қалған бөлігіне қойған мақсатын бөлісті. Оның айтуынша, клубтың жас ойыншыларды дамытудағы жүйесі жоғары деңгейде жұмыс істейді және бұл өзіне қосымша мотивация береді.
"Футболшыны "РБ Лейпцигке" сату – "Тренчин" үшін үлкен қадам. Біздің клуб болашағы зор жастарды сапалы түрде алға жылжытады. Скауттардың бұл істе тәжірибесі мол деп айтуға болады. Ал мен үшін бұл – талмай еңбек етіп, одан әрі дамуға үлкен стимул".
Жас футболшы өзін жоғары деңгейде көрсете алатынына сенімділік білдірді:
"Құдайға шүкір, командада барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда бабыма келуді жалғастырудамын және маусымның қалған бөлігін жоғары деңгейде өткізетініме сенемін. Барымды көрсетемін", – деді Әдірбеков ASNews-қа берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Тобыл" сапында өнер көрсеткен 19 жастағы футболшы "Тренчинге" өткен жылдың қыркүйегінде ауысты. Жаңа командасы үшін өткізген 7 матчта ол бір нәтижелі пас авторы атанды.
Айта кетейік, осы трансферлік кезеңде "Тренчин" вингер Сулеймана Саниді "РБ Лейпцигке" 5 миллион еуроға сатты. Команданы қазір ПСВ, "Тоттенхэм" және "Гамбург" жүйелерінде жұмыс істеген 61 жастағы маман Рикардо Мониз жаттықтырады.