Реклама
Реклама

Айбол Әбікен уәдесінде тұрып, Виктор Мозеске "салтанатты тепкі" жасады (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
26.01.2026, 21:51

Қызылорданың "Қайсарына" жаңадан қосылған жартылай қорғаушы Виктор Мозес клубтың дәстүрлі "қабылдау рәсімінен" өтті. 

instagram/@aibol_abiken

"Дәліз" арқылы жүгірді

Клубтың Instagram-парақшасында жарияланған видеода тәжірибелі легионердің ойыншылар құрған "дәлізден" жүгіріп өту сәті көрсетілген. Кадр басында бас бапкер Андрей Ферапонтов Мозеске оның енді ұжымның толыққанды мүшесі екенін айтып, футболшыларға жаңадан келген ойыншыны қазақы қонақжайлықпен қарсы алуды түсіндіреді.

Осыдан кейін Мозес "дәліз" арқылы жүгіріп өтеді. Рәсімнің финалдық бөлігінде жартылай қорғаушы Айбол Әбікен оны жеңіл әзіл-қалжыңмен "тепкілей" қарсы алады. Айта кетейік, бұған дейін Әбікен жанкүйерлерге берген уәдесін дәл осы эпизод арқылы орындаған.

Виктор Мозес кім?

Виктор Мозес — Англия Премьер-лигасының, Еуропа лигасының чемпионы және Англия кубогының иегері. Бұл трофейлерді "Челси" құрамында жеңіп алған. Сондай-ақ Мозес "Ливерпуль" және "Вэст Хэм" клубтарында да өнер көрсеткен.

Футболшы бастапқыда Англияның жасөспірімдер және жастар құрамаларында ойнағанымен кейін кәсіби деңгейде Нигерия ұлттық құрамасын таңдады.

Қызылордалық клуб Мозестің трансферін 24 қаңтарда ресми түрде жариялады. 

Реклама
Реклама