Реклама
Реклама

Ғасыр дуэті. Месси мен Роналду бір клубта ойнауы мүмкін

Сарапшы, спорт журналисі
09.02.2026, 16:16

"Интер Майами" әлем футболының қос жұлдызын біріктіруді көздейді.

sportrbc.ru

АҚШ-тың “Интер Майами” клубы португалиялық шабуылшы Криштиану Роналдуды өз құрамына қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Fichajes басылымы хабарлады.

Дереккөздің мәліметінше, америкалық клуб қазір Роналдудың “Әл-Насрдағы” жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр. Себебі саудиялық команда бес дүркін “Алтын доп” иегерін өз сапында сақтап қалғысы келгенімен, футболшының лига жұмысына көңілі толмайтыны жиі айтылып жүр.

Қаржылық кедергілер

Роналдуды “Интер Майамиге” шақыру оңайға соқпайтыны анық. Футболшының жоғары қаржылық талаптары келіссөздерге басты кедергі болуы мүмкін. Соған қарамастан, клубтың тең иесі Дэвид Бекхэм қазіргі заманның екі алыбын — Лионель Месси мен Криштиану Роналдуды — бір алаңда ойнату идеясын құптайды. 

Бекхэм үшін бұл трансфер — жай ғана ойыншы ауыстыру емес. Ол футболды жаһандық шоу ретінде қабылдайды және қос супержұлдызды бір клубта тоғыстыруды “Интер Майамидің” ауқымды жобасының логикалық жалғасы деп санайды.

Роналдудың ұстанымы

Әзірге Криштиану Роналду “Әл-Насрдан” кететіні жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда “Интер Майами” португалиялық шабуылшының әр қадамын жіті бақылап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду "Әл-Насрдің" бірнеше жаттығуына және екі соңғы матчқа қатыспағаны хабарланған болатын. Ал Лионель Месси "Барселонаға" қайта оралу мүмкіндігін қарастырып жүргені белгілі болған еді. 

Реклама
Реклама