Каталониялық "Барселона" президент Жоан Лапортаның отставкаға кеткенін ресми түрде жариялады.
Клуб жарғысына сай, қазіргі басшылық өкілі сайлауға қатысу үшін өкілеттігін уақытша тоқтатуы тиіс. Осы талапқа сәйкес Лапорта отставкаға кетіп, 15 наурызда өтетін президент сайлауына қайтадан кандидат ретінде түспек ниетін растады.
Лапортаның өкілеттігін тоқтатуы директорлар кеңесінің отырысында рәсімделіп, сол жиында сайлау науқанының басталғаны да ресми жарияланды.
Дауыс беру аяқталғанға дейін және жаңа басқарма бекітілгенше клуб басқаруы өтпелі форматта жұмыс істейді. Осы кезеңде президент міндетін уақытша атқарушы болып Рафаэль Юсте тағайындалды. Ол сайлау процесі толық тәмамдалып, жаңа президент бекітілгенге дейін клубтың күнделікті басқаруына жауап береді.