Қазақстан Премьер-Лигасының 2026 жылғы маусымы қарсаңында "Ақтөбе" клубының алғашқы турлардағы ойындарын қай стадионда қабылдайтыны туралы ақпарат шықты.
"AmanVibe" мәліметінше, Николай Костов жаттықтыратын команда чемпионаттың бастапқы бөлігінде Шымкентте орналасып, ал "үйдегі" кездесулерін "Түркістан Аренада" өткізеді.
Атап айтқанда "қызыл-ақтар" кем дегенде алғашқы екі үй матчына Түркістанда шығады. Қобыланды батыр атындағы Ақтөбедегі туған стадионға оралу 5-турға жоспарланған.
Дереккөздің жазуынша, 5-тур 4 сәуірде өтеді. Сол күні "Ақтөбе" өз алаңында ақтаулық "Каспийді" қабылдауы тиіс — яғни команда осы уақытқа қарай Ақтөбеге қайта оралады деген жоспар бар.
Еске сала кетейік, өткен ҚПЛ маусымында "Ақтөбе" турнир кестесінде 5-орын алды. Жақында клубтың иесі өзгеріп, команда тізгіні кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа өткен.
Ал биылғы қысқы дайындық кезінде "Ақтөбе" ҚПЛ-дегі ең көп талқыланған клубтардың біріне айналды: даулы әрі жарқын трансферлер бойынша ақпарат жиі шығып жатыр.
Клуб бұған дейін "Манчестер Юнайтедтің" экс-жартылай қорғаушысы, Португалия құрамасының бұрынғы ойыншысы Луиш Наниді қатарға қосты.