Түркияның "Ризеспор" клубында ойнайтын Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Хусниддин Аликулов ауыр жарақат алып, жақын уақытта операция жасатады.
Клуб тарапы футболшының жарақаты өте ауыр екенін атап соған қарамастан Аликуловпен келісімшартты тағы бір жылға ұзартқанын жариялады.
Мәлімдемеде "Гёзтепеге" қарсы матчта Аликуловтың алдыңғы айқас байламы үзілгені, тізе қақпағы зақымданғаны, ішкі және сыртқы мениск жыртылғаны, сондай-ақ қан құйылу мен ісіну бары айтылған.
Футболшыға операция жоспарланған.
26 жастағы қорғаушының алаңға қайта шығуына шамамен 6–9 ай қажет болуы мүмкін. Осыған байланысты ол үшін маусым аяқталды.
Дегенмен "Ризеспор" ойыншының командаға сіңірген еңбегін ескеріп, келісімшарттағы опция бойынша келісімді 2026/2027 маусымының соңына дейін ұзартқанын мәлімдеді.
Хусниддин Аликулов ӘЧ-2026 іріктеуінде Өзбекстан құрамасы сапында 14 матчтың 12-сіне қатысқан. Жалпы ұлттық құрамада 34 ойын өткізіп, 3 гол соққан.
Ал "Ризеспорға" 2023 жылы Өзбекстанның "Насаф" клубынан ауысқан.
Футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир 11 маусым 2026 жылы басталып, топтық кезең 27 маусымға дейін жалғасады. Финал 19 шілдеге жоспарланған.
Жарақаттан кейінгі қалпына келу уақытына байланысты Аликуловтың құраманың мундиальдегі дебюттік матчтарын өткізіп алуы ықтимал.