Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) келесі, 51-ші кезекті Конгресін 2027 жылы 4 наурызда Астанада өткізетінін ресми түрде жариялады. Бұл шешім Брюссельдегі 50-ші Конгресте мәлім етілді.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, 51-ші Конгресс сайлау сипатында өтеді. Яғни, жиын барысында УЕФА президенті сайланады және ұйымның Атқарушы комитетінің мүшелері дауысқа салынады.
УЕФА Конгресі – Еуропа футболындағы ең жоғары басқарушы орган. Бұл алаңда 55 ұлттық қауымдастықтың өкілдері бас қосып, стратегиялық шешімдер қабылдайды.
Биылғы 50-ші кезекті УЕФА Конгресі 2026 жылғы 12 ақпанда Брюссельде өтті және онда бірқатар ресми шешімдер жарияланған.
Қазақстан 2002 жылы 25 сәуірде УЕФА құрамына қабылданған. Осы қадамнан кейін ұлттық құрама Еуропа чемпионаты іріктеуіне қатысып, қазақстандық клубтар Чемпиондар лигасы және басқа да еурокубок бәсекелерінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.