Реклама
Реклама

"Сенімділік сыйлайды": Еуропада ойнайтын ұлттық құрама ойыншысына баға берілді

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 11:50

Стас Покатилов қазіргі сәтте Әзірбайжан чемпионатында өте сәтті өнер көрсетуде. Оның командасы биылғы маусымда чемпиондыққа бірден-бір үміткер.

Стас Покатилов. Фото: ашық дереккөзден

Әзербайжанның CBC Sport телеарнасының журналисі Сулейман Велиев "Сабахтың" чемпиондыққа мүмкіндігін және қазақстандық қақпашы Стас Покатиловтың команданың жетістігіндегі рөлін бағалады, деп хабарлайды ASnews.kz.

"Иә, „Сабах“ — чемпиондыққа нағыз үміткер. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет „Қарабахтың“ шынайы бәсекелесі пайда болды. Ең алдымен, мәселе ойын сапасында. Дамбраускас („Сабахтың“ бас бапкері — ред.) іс жүзінде мінсіз жұмыс істейтін тетік құра білді.

Мұндай „Сабахтың“ қалыптасуы „Қарабахтың“ Чемпиондар лигасындағы ойындарымен тұспа-тұс келді, ал бұл турнир көп күш-қуат талап етеді. Қазан-қараша айларында чемпиондыққа сеніммен қарағандар аз болды, алайда әр тур өткен сайын „алтынға“ сенетіндер саны артып келеді", –  деді Велиев.

Сондай-ақ журналист Қазақстан құрамасының қақпашысының клуб ойынына ықпалы туралы да пікір білдірді.

"Покатилов — команданың таптырмас қақпашысы. Оның өткен маусымда келуімен клубтың бұл шептегі бұрыннан келе жатқан мәселесі шешіліп, тұрақтылық пайда болды. Биылғы маусымда оның қақпасына көп жағдайда қауіпті сәттер аса көп бола бермейді, бірақ қажет кезде ол әрдайым командасын құтқарып қалады. Ол – бүкіл командаға сенімділік сыйлайтын қақпашы", – деп қосты сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та 33 жастағы Покатиловтың жазда клуб ауыстыруы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Қақпашыға түркиялық командалардың қызығушылық танытып отырғаны хабарланған.

19 турдан кейін „Сабах“ Әзербайжан чемпионаты турнирлік кестесінің бірінші сатысында тұр. Команда 46 ұпай жинап, „Қарабахтан“ төрт ұпайға озып келеді.

Реклама
Реклама