Реклама
Реклама

"Маймыл" деді ме? УЕФА "Бенфика" – "Реал" ойынындағы дау бойынша түсініктеме берді

Сарапшы, спорт журналисі
18.02.2026, 22:57

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Бенфика" мен мадридтік "Реал" арасындағы алғашқы кездесуде дау туып, матч барысында ықтимал нәсілшілдік оқиғасы тіркелді. 

x.com

Матч кезінде не болды?

Ойынның екінші таймының басында "Реалдың" шабуылшысы Винисиус Жуниор төрешіге шағымданып, "Бенфиканың" ойыншысы Джанлука Престианни өзіне қатысты расистік қорлау сөз айтқанын мәлімдеді.

Винисиустың сөзін тыңдаған қазы жағдайды назарға алып, УЕФА регламентіне сай екі команданы да уақытша киім ауыстыру бөлмесіне кіргізді. Бұл – УЕФА-ның нәсілшілдікке қарсы хаттамасында көрсетілген әрекеттердің бірі: ойын барысында расизм белгілері байқалса, матч арнайы тәртіппен тоқтатылып/үзіліс жасалуы мүмкін.

УЕФА-ның ресми реакциясы

Кездесуден кейін УЕФА баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, әзірге ресми есептер тексеріліп жатқанын хабарлады.

УЕФА мәлімдемесінің мәні: матчтан кейінгі ресми есептер қаралады, егер қандай да бір оқиға туралы ақпарат расталса, тиісті процедура іске қосылады. Ал тәртіптік жаза қолданылатын болса, ол УЕФА-ның дисциплинарлық ресурстарында жарияланады. Қазір ұйым қосымша мәлімет немесе пікір ұсынбаған.

Мбаппенің сөзі: "Бес рет айтты" 

Оқиғаға байланысты "Реал" жұлдызы Килиан Мбаппе өз нұсқасын жария түрде айтып, Престианнидің Винисиусқа "маймыл" деген сөзді бірнеше рет айтқанын алға тартты. Оның айтуынша, қарсылас футболшы мұны өзгелер байқамасын деп жүзін жейдесімен жауып сөйлеген.

Престианни айыптауды жоққа шығарды

Ал дау ортасында қалған Престианни қорлау сөз айтпағанын мәлімдеп, Винисиусқа басқа сөздер қолданғанын жеткізген. Клуб тарапы да ойын эпизодына қатысты өз уәжін келтіріп, Престианни "Реал" ойыншыларынан тым алыс тұрғанын, сондықтан оның нақты не айтқанын қарсы тарап анық ести қоюы екіталай екенін алға тартады.

Винисиустың реакциясы: "Регламент жұмыс істемейді" 

Матчтан кейін Винисиус әлеуметтік желіде жазба жариялап, УЕФА-ның нәсілшілдікке қарсы ережелері тиімді емес деген ой айтқан. Бұл мәлімдеме жанкүйерлер мен футбол қауымдастығында талқылауды одан әрі күшейтті.

Реклама
Реклама