Реклама
Реклама

Байлардың бәйгесі: ҚПЛ клубтарын кімдер бөліп алды

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 13:40

Биылғы маусым алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтары жекеменшікке өтуі тиіс деп нақты тапсырма берген еді.

kz.kursiv.media/kk

7 наурыз күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы басталады. Биылғы маусым алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтары жекеменшікке өтуі тиіс деп нақты тапсырма берген еді. Осыған орай, жаңа маусым қарсаңында Kursiv Media жекеменшікке өткен футбол клубтары мен олардың жаңа қожайындарына қатысты ауқымды мақала жариялады. 

“Қайраттың” жаңа дәуірі

Қазақ футболында алғашқы жекеменшік клубтың бірі алматылық “Қайрат” сонау 2010-шы жылдардың басында үлкен бетбұрысқа ұшырады. Қайрат Боранбаевтың академиялық үлгісі бүгінгі жаппай жекешелендіруге негіз болғаны анық.

Клубтың жекеменшікке өту тарихы сол тұстағы Алматы әкімі Ахметжан Есімовпен тікелей байланысты. Клубтың иесі, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың айтуынша, бәрі демеушіліктен басталған. Ол кезде “Қайрат” бірінші лигада ойнап, қаржылық әрі спорттық дағдарысты бастан кешіп жатқан.

Екі жыл бойы демеушілік көрсеткеннен кейін, команда жоғары лигаға оралып, бірақ турнирлік кестенің соңында қалғанда, Боранбаев клубты толықтай өз жауапкершілігіне алу туралы шешім қабылдайды. Әкіммен арадағы келісімшарттың басты шарты қаланың клуб ісіне араласпауы және инвестордың қаржылық міндеттемелерді толық мойнына алуы болды.

  • 2012 жыл: “ҚазРосГаз” компаниясы клуб акцияларының 70%-ын иеленсе, әкімдік 30%-ын сақтап қалды.
  • Кейінгі кезең: “ҚазРосГаз” футбол активінен бас тартқанда, Боранбаев акцияларды ресми түрде сатып алды.

“Тегін алды деген әңгімелер шығатынын түсіндім. Олай емес. Ресми түрде ақшасын төледім”, деген кәсіпкер бұрынғы сұхбаттарында. Нақты сома жарияланбағанымен, инвестордың иығына клубтың 1,2 млн доллар қарызы мен өртеніп кеткен базаның шығындары жүктелді.

2011 жылдан бастап «Қайрат» үлкен инфрақұрылымдық жобаға айналды. ТМД көлемінде теңдесі жоқ балалар мен жасөспірімдер академиясы салынды. Клуб мемлекеттік бюджетке жаутаңдауды қойып, еурокубоктарда тұрақты өнер көрсететін деңгейге жетті. “Қайрат” бүгінде өз түлектерін шетелдік клубтарға сатып табыс табуды үйренген алғашқы қазақстандық клуб болды.

“Жеңіс” пен Ломтадзе

Қазақстандық футбол клубтарының жекеменшікке өту процесі жаңа серпін алды. Алматылық “Қайраттың” ізін ала, елордалық аңызға айналған «Жеңіс» клубы да ірі инвестордың қолына өтті. Бұл жолы қазақстандық футболды дамытуға еліміздегі ең ірі финтех-гигант Kaspi.kz-тің негізін қалаушы Михаил Ломтадзе білек сыбана кірісті.

Бұл жолы қазақстандық футболды дамытуға еліміздегі ең ірі финтех-гигант Kaspi.kz-тің негізін қалаушы Михаил Ломтадзе білек сыбана кірісті.

Елордалық “Жеңіс” қазақ футболының тарихында аты алтын әріппен жазылған ұжым.

  • Үш дүркін ел чемпионы (2000, 2001, 2006)
  • Үш мәрте Кубок иегері (2001, 2002, 2005)

Ломтадзенің басты мақсаты Астанада ең заманауи балалар академиясын құру. Онда жас таланттар мүлдем тегін жаттығатын болады.

Ломтадзе бұған дейін Англияның “Wycombe Wanderers” клубын сатып алған болатын. Енді қазақстандық жеткіншектер футболдың отаны Англияның үздік мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Технологиялық тәсіл: Kaspi.kz басшысы заманауи технологияларды қолдана отырып, футболшыларды дайындау әдістемесін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

“Менің арманым Қазақстанда және Англияда ең талантты жас футболшылар тәрбиеленетін кәсіби академия құру. Біз әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей аламыз деп сенемін”, – дейді Михаил Ломтадзе.

“Ақтөбе” және Qazaq Stroy

Қазақ футболындағы басты жаңалықтардың бірі Ақтөбеде болып тұр. Еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп клубтардың бірі «Ақтөбе» биылғы маусымда нағыз трансферлік “бомба” жарып, әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шақыру арқылы жаңа амбициясын көрсетті.

Клубтың тізгінін ұстаған Qazaq Stroy компаниясы мен оның негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев “Ақтөбенің” қаржылық әлеуетін мүлдем жаңа биікке көтерді.

Нұрлан Артықбаев 2025 жылы Forbes Kazakhstan тізіміне алғаш рет еніп, 228 млн доллар байлығымен елдегі ең ықпалды 75 бизнесменнің қатарына (44-орын) қосылды.

Qazaq Stroy еліміздегі ең ірі компаниялар рейтингінде 14-орында тұр. 2024 жылғы 313,9 млрд теңге табыс пен 45,7 млрд теңге таза пайда компанияның клубқа ұзақмерзімді инвестиция салуға қауқарлы екенін дәлелдейді.

“Қайсарға” халық жанашары келді

Қазақстан футболындағы жекеменшік клубтар керуеніне Сыр елінің мақтанышы «Қайсар» клубы да қосылды. Қызылордалық ұжымның жаңа дәуірі әлемдік деңгейдегі жұлдыздың трансферімен ерекшеленді.

Клубтың тізгінін қолға алған Tau Group компаниясының құрылтайшысы Исламғали Қозбақовтың ұстанымы өзге инвесторлардан ерекшеленеді. Ол өзін клубтың “қожайыны” емес, халықтың аманатын арқалаған адам ретінде таныстырды.

Tau Group компаниясы Қызылордадағы заманауи Kaysar Arena стадионын салып, клубтың инфрақұрылымын нығайтты.

“Қайсар” менің емес, халықтың клубы. Мен сол халықтың арманын жүзеге асыратын адаммын”, деген еді кәсіпкер бұған дейінгі сұхбаттарында.

“Ордабасы” және Шахмұрат Мүтәліп: Теміржолдан футбол алаңына дейінгі жол

Шымкенттік “Ордабасы” енді бюджетке емес, ірі өндірістік активтері бар бизнесменнің сенімді қолдарына өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп арасындағы келісім отандық спорттағы тағы бір стратегиялық трансформацияның үлгісі болды.

Шахмұрат Мүтәліп “Integra Construction KZ” компаниясының иесі. Компания теміржол, метро және стратегиялық маңызы бар инженерлік құрылыстар саласында жұмыс істейді. БАӘ, Италия, Грузия секілді елдерде филиалдары бар компанияның 2023 жылдың өзінде 10,36 млрд теңге салық төлеуі клубтың қаржылық тұрақтылығына кепілдік береді.

Компания «Алматы–Қорғас» тас жолы, “Арқалық–Шұбаркөл” және “Жезқазған–Сексеуіл” секілді алып теміржол магистральдарын салған. Бұл тәжірибе енді “Ордабасының” инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеруге жұмсалмақ.

  • Инфрақұрылым: Жаттығу базаларын халықаралық стандартқа сай жаңарту.
  • Цифрландыру: Басқару жүйесін толықтай заманауи IT-стандарттарға көшіру.
  • Академия: Жас таланттарды даярлау жүйесін қайта құрып, клубтың «өзіндік өнімдерін» (түлектерін) нарыққа шығару.

“Тобыл” миллиардерлер қатарына қосылды

Қостанайлық “Тобыл” футбол клубы еліміздегі ең ықпалды әулеттердің бірі Ибрагимовтер отбасының тікелей қамқорлығына өтті. Жаңа құрылтайшы – Шухрат Ибрагимов. Ол әлемдік тау-кен өндірісінің алыбы Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы.

Марқұм Әлижан Ибрагимовтің (“Фаттах” деген атпен танымал миллиардер) мұрагері. Ибрагимовтер отбасы $1,5 миллиард байлығымен Forbes тізімінде тұрақты орын алады.

Бұған дейін Әлімжан Қалдияровтың тұсында басталған медиа-белсенділік пен еуропалық бағыт енді Ибрагимовтың ресурстарымен еселене түспек.

“Шахтер” және Freedom: Қарағанды футболындағы 16 миллиардтық жоба

Қазақстанның ең тарихы терең ұжымдарының бірі қарағандылық «Шахтер» жаңа дәуірге қадам басты. Клубтың тізгінін танымал кәсіпкер Тимур Турлов өз қолына алды. Турловтың келуімен «Шахтер» бюджеттік тәуелділіктен арылып, заманауи бизнес-модельге көшпек.

Инвестиция көлемі: Инфрақұрылым мен Болашақ
Тимур Турлов келе салып, бірден клуб пен жастар футболын дамытуға арналған нақты цифрларды жариялады. Бұл көрсеткіштер жобаның ауқымын дәлелдейді:

  • 16 млрд теңге – футбол академиясының құрылысына арналған бюджет.
  • 4 млрд теңге – 2026 жылға арналған клубтың операциялық шығындары.
  • 6,5 млрд теңге – 2029 жылға дейін жастар, әуесқой футбол мен цифрландыру жобаларына бөлінетін қаражат.

“Бұл біздің холдингтің әлеуметтік шығындарының негізгі бөлігі. Пайдамыздың ондаған пайызын осы мақсатқа, яғни болашақ жұлдыздарды тәрбиелеуге жұмсаймыз”, – деп атап өтті Тимур Турлов.

Клубтың жаңа бас бапкері, тәжірибелі маман Дмитрий Огай өзгеше шешім қабылдады: алдағы маусымда “Шахтер” сапында тек қазақстандық футболшылар ойнайды.

Оқжетпесті фермер басқарады

Ақмола облысының басты футбол бренді “Оқжетпес” жаңа басқару жүйесіне көшті. Бұл жолы инвестор рөлінде бір адам емес, тұтас бір өңірдің агроөнеркәсіп иелері біріккен арнайы қоғамдық қор бой көрсетті.

Көкшетаулық “Оқжетпес” футбол клубы қоғамдық қорының тізгінін Қазақстанның Еңбек Ері, танымал аграр, “Родина” агрофирмасының директоры Иван Сауэр ұстады.

Клубты қаржыландыру тек Иван Сауэрдің мойнында емес, облыстағы бірнеше ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының пулы арқылы жүзеге асады. Бұл клубтың бір ғана инвесторға тәуелді болмауына кепілдік береді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл қадамды бюджетке түсетін салмақты азайтып, клубты нағыз нарықтық жолға салудың тиімді тәсілі деп атады.

Реклама
Реклама