Реклама
Реклама

Жаңа қожайын, жаңа президент, жаңа мақсат: "Ордабасы" титул үшін бәрін өзгертті

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 18:23

"Ордабасы" ФК жаңа президенті Дархан Қызайбаев ҚПЛ-2026 маусымындағы негізгі міндетті ашық айтты.

instagram/@fc__ordabasy

Басты міндет — чемпион болу

Қызайбаевтың айтуынша, жаңа басшылық қызметіне кіріскеніне небәрі екі апта болған. Соған қарамастан клуб алдына нақты мақсат қойылған.

"Біз жұмысқа жуырда кірістік — басшылыққа келгенімізге шамамен екі апта болды. Әлеуметтік желілерде “Ордабасы” биыл чемпиондыққа таласа ала ма, жоқ па деген талқылау жүріп жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар.

Кез келген турнирге, кез келген жарысқа қатыссақ — міндетті түрде чемпион болу мақсатымен қатысуымыз керек. Сондықтан бірден бас бапкерге де, командаға да тапсырма қойдым: биыл чемпиондық үшін күресуіміз қажет", — деді клуб басшысы.

Құрамды күшейту жоспары

Жаңа президенттің сөзінше, клуб құрамы бапкерлер штабымен ақылдаса отырып жасақталып жатыр. Ол қазіргі құрамды да әлсіз деуге келмейтінін атап өтті.

"Бапкерлер штабымен кеңесе отырып, құрамды қалыптастырып, оны күшейтуге тырысып жатырмыз. Дегенмен қазіргі құрам да жаман емес — онымен де жоғары орындарға таласып, жеңістерге жетуге болады.

Жаңа трансферлер, жаңа ойыншылар келіп жатыр. Басшылық та, бапкерлер штабы да екі апта ғана жұмыс істеді. Бас бапкермен үнемі байланыстамыз, тұрақты сөйлесеміз. “Астанадан” Алекс Амановичті қостық — ертең, бұйырса, ол командаға қосылады. Сонымен қатар тағы 1-2 ойыншы алуды көздеп отырмыз. Әзірге есімдерін атамаймыз — бірнеше футболшымен қатар келіссөз жүріп жатыр", — деді функционер.

Клубтағы өзгеріс: жаңа меншік иесі және жаңа басшылық

Айта кетейік, 2026 жылғы 16 ақпанда "Ордабасы" қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мұтәліптің меншігіне өткен. Сол күні клуб президенті қызметіне Дархан Қызайбаев тағайындалды. Ол Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметін де атқарады.

"Ордабасы" өткен ҚПЛ маусымында 35 ұпай жинап, турнир кестесінде 7-орынға тұрақтаған. Енді шымкенттік клуб ҚПЛ-2026 маусымында чемпиондық бәсекеге араласуды мақсат етіп отыр.

Реклама
Реклама