Реклама
Реклама

Мәжіліс депутаты "Астанаға" қарсы шықты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 20:00

Мұрат Әбенов "Астана" футбол клубын бюджет есебінен қаржыландыруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

Instagram/@fca.astana

"Астана" неліктен сынға қалды? 

Депутаттың айтуынша, футбол — көптеген елде табыс әкелетін сала. Сондықтан бұл бағытқа мемлекет қаржысын жұмсау дұрыс емес. 

"Менің ойымша, футболды бюджеттен қаржыландыру дұрыс емес. Бүкіл әлемде футбол — табысты бизнес. Неге біз оларды қаржыландыруымыз керек, әсіресе онда легионерлер ойнаса? „Астана“ басқа клубтардан несімен артық? Неліктен біз өзге клубтарды дәл осындай көлемде қаржыландырмаймыз? Сондықтан халықтың ақшасы есебінен, нақтырақ айтқанда „Самұрық-Қазына“ АҚ арқылы тек „Астана“ клубын жеке әрі ерекше қаржыландыруға мен қарсымын. Бұл — әділетсіз", — деді Мұрат Әбенов.

"Астана" төңірегіндегі жағдай қалай өрбіді?

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында "Астана" футбол орталығы тәрбиеленушілерінің ата-аналары мен жанкүйерлерінің үндеуі жарияланған. Олар мемлекет басшысынан елордалық клубтың жағдайын жеке бақылауға алуды сұрады.

Үндеуде клубтың қаржылық қиындықтарға тап болғаны, сондай-ақ инфрақұрылым мәселелері ушығып тұрғаны айтылған.

Жанкүйерлер қандай қауіптен алаңдап отыр?

Үндеу авторларының пікірінше, елдегі ең танымал футбол брендтерінің бірінің ықтимал банкротқа ұшырауы қазақстандық спорттың беделіне кері әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ соңғы жылдары клубтың негізгі демеушісі саналатын "Самұрық-Қазына" қоры тарапынан бөлінетін бюджет көлемі шамамен екі есе қысқарғаны атап өтілді

Елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаян да клубтың қазіргі ахуалына қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, қаржы тапшылығы жаңа ойыншылармен келісімшарт жасау мүмкіндігін шектеп отыр.

Бұл жағдай команданың алдағы маусымдағы жоспарына және құрамды күшейту жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін.

Реклама
Реклама