Сенегал футбол федерациясы Африка Ұлттар кубогы-2025 финалына қатысты даулы шешіммен келіспей, Спорттық арбитраждық сотқа (CAS) шағым түсіруге дайындалып жатыр.
Сенегал футбол федерациясы Африка Ұлттар кубогы-2025 жеңісін Марокко құрамасына беру туралы шешімге қарсылық танытты. Елдің футбол басшылығы бұл үкімді әділетсіз деп есептеп, енді істі Спорттық арбитраждық сотта (CAS) қарауға ниетті.
Ресми өкілдердің айтуынша, қазір сенегалдық заңгерлер апелляция беру мәселесін пысықтап жатыр. Федерация өз мәлімдемесінде ұлттық футбол мүддесін барлық заңды жолмен қорғауға дайын екенін аңғартты.
Осыған дейін Африка футбол конфедерациясы (CAF) Марокко тарапының апелляциясын қанағаттандырып, финалда Сенегал құрамасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазған.
Мұндай шешім сенегалдық футболшылардың матчтың шешуші сәтінде алаңнан кетіп қалуына байланысты қабылданған. Дауға ойынның 98-минутында Браим Диасқа қарсы ереже бұзылып, төрешінің пенальти белгілеуі себеп.
Көпшілік жанжалға толы сол финалды әлі ұмыта қойған жоқ. Пенальти белгіленгеннен кейін сенегалдық ойыншылар наразылық білдіріп, алаңды тастап кеткен. Бірақ біраз уақыттан соң, команда көшбасшысы Садио Маненің араласуынан кейін олар ойынды қайта жалғастырды.
Сол кездесудің қорытындысында Сенегал құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жеттті. Кейін қабылданған шешім бүкіл жағдайды мүлде басқа арнаға бұрды.