Қарағандылық "Шахтер" өз тарихында алғаш рет әйелдер командасын құрғанын ресми түрде жариялады.
Клуб құрылымында команда жасақталып, енді ол Қазақстандағы әйелдер чемпионатында өнер көрсетеді. Бұл шешім ел футболындағы жаңа талаптармен де байланысты. Еске сала кетсек, Қазақстан футбол федерациясы 2025 жылы ҚПЛ клубтарына әйелдер командаларын құруды міндеттеген. Бұл қазақстандық футболды дамытудың 2034 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі, яғни, елдегі әйелдер футболын белсенді дамыту болатын.
Жаңа команданың негізін 2005-2010 жылдары туған жергілікті футболшылар құрайды. Тек екі ойыншы ғана Астана клубынан шақырылса, басқа спортшылар клубтың өз тәрбиеленушілері.
Команда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, сәуір айының ортасында өтетін екінші жиынға дайындалуда. Маусымның алғашқы матчы Қарағандыда өтеді. Қарсыласымыз семейлік “Елімай”.
Айта кетсек, екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған “Шахтер” биыл Бірінші лигада өнер көрсетеді. Клуб инвестор Тимур Турловтың иелігіне өткеннен кейін, команда алдағы уақытта ҚПЛ-ге қайта оралуға ниетті. Қазіргі таңда ҚПЛ-дің әйелдер лигасында 16 команда бар. 2025 жылы “Ақтөбе” клубы 74 ұпаймен чемпион атанды.