Сапасыз эфир дау туғызды: ҚФФ серіктесін қызметтен шеттетті

Сарапшы, спорт журналисі
03.04.2026, 18:57

Қазақстан футбол федерациясы Бірінші, Екінші және Әйелдер лигасының матчтарын көрсеткен компаниямен серіктестікті тоқтатты. 

instagram/@shakhterfc

Келісімшарт не себепті бұзылды?

Федерацияның хабарлауынша, 2026 жылдың наурыз айында телевизиялық өндіріс қызметін ұсыну бойынша ашық конкурс ұйымдастырылған. Осы байқау аясында продакшн саласының өкілдерімен бірнеше жұмыс кездесуі өткізіліп, эфир сапасына қойылатын техникалық талаптар нақты бекітілген.

Конкурс қорытындысы бойынша Бірінші, Екінші және Әйелдер лигасы матчтарын трансляциялау құқығына ие компания анықталған. Дегенмен Бірінші және Екінші лиганың алғашқы тур ойындарының түсірілім сапасы тексерілген кезде көрсетілген қызметтің нақты деңгейі бекітілген техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Осы сәйкессіздіктерге байланысты ҚФФ аталған компаниямен серіктестікті тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Матчтарды кім көрсетеді?

Қазір Қазақстан футбол федерациясы қолданыстағы нормативтік рәсімдерге сай жаңа конкурс ұйымдастыру жұмысын бастап кетті. Матчтардың алдағы уақытта қалай және қай форматта көрсетілетіні жөніндегі қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

Бұған дейін Бірінші және Екінші лига матчтарының көрсетілімі футбол жанкүйерлері арасында кең көлемде сынға ұшыраған еді. Көрермендердің негізгі наразылығы эфирлердің техникалық және шығармашылық деңгейінің төмен болуына байланысты айтылды.

Жанкүйерлер экрандағы графикалық безендірудің жоқтығын, операторлық жұмыстың әлсіздігін, комментаторлардың жұмысына қатысты кемшіліктерді атап өткен.

Реклама
Реклама