Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны "Динамоға" ауысты

Сарапшы, спорт журналисі
24.04.2026, 22:38

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Юлия Мясникова мансабын Мәскеудің "Динамо" клубында жалғастырады. 32 жастағы қорғаушы жаңа командасымен келісімшартқа ЦСКА-дан кеткеннен кейін қол қойды.

kff.kz

Жаңа клубы белгілі болды

Қазақстан құрамасының тәжірибелі қорғаушысы Юлия Мясникова енді Ресей чемпионатында мәскеулік "Динамода" өнер көрсетеді. Ақ-көк түсті клубтың ресми мәліметіне сәйкес, футболшы командаға еркін агент ретінде қосылған.

Жаңа маусымда Мясникова 5-нөмірмен алаңға шығады.

Юлия Мясникова. ФОТО: w.fcdynamo.ru

Мясникованың клубтық мансабы

Юлия Мясникова футболдағы жолын Қарағандының "Шахтер" командасында бастаған. Кейін Қазақстанның ең табысты әйелдер клубтарының бірі — "БИІК-Қазығұрт" сапында ойнап, ел ішіндегі басты жарыстарда бірнеше мәрте топ жарды.

Шымкенттік клубпен бірге қорғаушы:

  • Қазақстан чемпионатын 6 рет жеңіп алды;
  • Қазақстан кубогын 7 мәрте иеленді.

Одан кейін Мясникова Ресейдің ЦСКА клубына ауысып, Мәскеу командасымен де ірі жетістіктерге жетті. ЦСКА құрамында ол:

  • 2019 және 2020 жылдары Ресей чемпионы атанды;
  • 2022, 2023 және 2025 жылдары Ресей кубогын жеңіп алды.

Юлия Мясникова — Қазақстан әйелдер құрамасының негізгі ойыншыларының бірі әрі команда капитаны. Ол ұлттық құрама сапында әлем және Еуропа чемпионаттарының іріктеу кезеңдерінде 50-ден астам матч өткізген.

Сондай-ақ футболшының УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасындағы тәжірибесі де мол. Мясникованың бұл турнирдегі еншісінде шамамен 30 ойын бар. Оның еурокубоктағы ең жоғары жетістігі — 2018 жылы Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шығуы.

Реклама
Реклама