Польша құрамасының жартылай қорғаушысы ҚПЛ клубына ауысуға жақын

Сарапшы, спорт журналисі
28.04.2026, 23:24

Бартош Капусткаға Қазақстан Премьер-лигасы клубтары тарапынан әлі де қызығушылық бар. 

kazfootball.kz

Жүзеге аспаған келісім

Бұған дейін, қысқы трансферлік кезеңде ҚПЛ командаларының бірі 29 жастағы футболшыны қатарға қосуға әрекет жасаған. Бірақ келісім жүзеге аспады. Оған ойыншының Варшаваның "Легия" клубымен қолданыстағы келісімшарты себеп болған.

Капустканың польшалық клубпен келісімі алдағы жазда аяқталады. Осыдан кейін футболшы еркін агент атанып, жаңа ұсыныстарды қарастыруға мүмкіндік алады.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, жартылай қорғаушыға Қазақстан чемпионатының екі клубы қызығушылық танытып отыр. Бұл мәліметті футболшының агенті Серж Нале де растаған.

Қызығушылық танытқан кім? 

Дереккөз мәліметінше, үміткерлердің бірі келесі маусымда еурокубокта өнер көрсетуі мүмкін команда болса, екіншісі қазір ҚПЛ көшбасшыларының қатарында. Аталған клуб турнирлік кестеде басты қарсыласынан тек қосымша көрсеткіштер бойынша қалып келеді.

Айта кетейік, Бартош Капустка мансабында Польша құрамасында ойнаған тәжірибелі футболшылардың бірі саналады. Сондықтан оның Қазақстан Премьер-лигасына келуі ішкі чемпионаттағы трансферлік нарықтың назар аударарлық оқиғаларының біріне айналуы мүмкін.

Реклама
Реклама