"Астана" бас директорымен қоштасты

Бокс шолушысы
12.06.2026, 15:30

Қайсар Бекенов қызметінен отбасылық жағдайына байланысты кеткен.

KazFootball.kz

"Астана" футбол клубы басшылық құрамындағы өзгеріс туралы ресми мәлімдеме жасады. Елордалық клубтың бас директоры қызметін атқарып келген Қайсар Бекенов өз лауазымынан кеткені белгілі болды.

Клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қайсар Бекенов қызметінен отбасылық жағдайына байланысты кеткен. "Астана" оның клуб дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы өміріне сәттілік тіледі.

"Клуб ұжымы атынан Қайсар Рауфұлына кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және "Астана" футбол клубының дамуына қосқан зор үлесі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта отбасына амандық, бақ-береке, жақсылық және барлық жаңа бастамасына толағай табыс тілейміз!" - делінген ресми хабарламада. 

Қайсар Бекенов "Астанада" ұзақ жыл еңбек етті

Қайсар Бекенов елордалық клуб жүйесінде бұрыннан жұмыс істеген мамандардың бірі. Ол 2013-2019 жылдар аралығында "Астана" футбол клубында жетекшілік қызметтер атқарды.

Кейін 2024 жылы клубқа қайта оралып, 2025 жылы "Астананың" бас директоры қызметіне қайта тағайындалды. Алайда араға көп уақыт салмай, ол бұл лауазымнан кету туралы шешім қабылдады.

"Астананың" қазіргі жағдайы қандай?

Биылғы маусымда "Астана" Қазақстан Премьер-лигасында тұрақты нәтиже көрсете алмай келеді. 12 турдан кейін елордалық команда турнир кестесінде бесінші орында тұр. Команданың еншісінде 19 ұпай бар. 

Реклама
Реклама