ӘЧ-2026: Испанияны тоқтатқан Возинья анасымен АҚШ-та қауышатын болды
Әлем біріншілігінің басты қаһармандарының біріне айналған Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Испанияға қарсы тарихи матчтан кейін анасының жанында болмағанына көңілі түсіп, көзіне жас алған еді.
Спортшының анасы АҚШ визасына қатысты қиындықтарға байланысты ұлының тарихи матчын стадионнан тамашалай алмаған болатын. BBC Sport мәліметінше, мәселе оң шешімін тауып, Ана Кандида Эвора қажетті құжаттарды рәсімдеді. Қақпашының анасы енді Кабо-Верденің Уругвайға қарсы келесі ойынын Майамиде стадионнан көреді.
“Өте қуаныштымын. Барлығы өте тез болып жатыр, ұлымның әлем чемпионатындағы ойынын өз көзіммен көретініме бақыттымын. Оған қолдау көрсетіп, күш-жігер бергім келеді. Матчтан кейін оны құшақтаймын”
Возинья әлемді қалай тәнті етті?
15 маусым күні Кабо-Верде құрамасы ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатында алаңға шықты. Африкалық команда турнир фавориттерінің бірі саналатын Испаниямен кездесіп, күтпеген жерден 0:0 есебімен тең түсті. Матчтың басты кейіпкері 40 жастағы қақпашы Возинья болды. Ол жеті сейв жасап, кездесудің үздік ойыншысы атанды. Ойыннан кейін тәжірибелі голкипер эмоциясын жасыра алмай, көзіне жас алды. Кейін ол журналистерге анасының виза мәселесіне байланысты АҚШ-қа келе алмағанын айтып берген еді.
Испания шабуылына қамал болған қақпашы
Испанияға қарсы тартысты ойын Возиньяны әлеуметтік желілердің жаңа жұлдызына айналдырды. Әлем чемпионаты басталғанға дейін оның Instagram парақшасына шамамен 50 мың адам жазылған болатын. Ал тарихи матчтан кейін қақпашының танымалдығы күрт өсіп, бірнеше күннің ішінде жазылушылар саны 13 миллионнан асты.
Кабо-Верденің келесі кездесуі Уругвай құрамасымен 22 маусымға қараған түні жергілікті уақытпен сағат 03:00-де өтеді.