"Мұны ешқашан ұмытпаймын": Дастан Сәтпаев "Қайратпен" жылы қоштасты

Жекпе-жек шолушысы
18.06.2026, 19:03

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев "Челсиге" аттанар алдында алматылық клубпен әсерлі қоштасты.

instagram/@d.satpaev

"Қайратқа" алғыс айтты

Жас футболшы Instagram парақшасында арнайы жазба жариялап, өзін үлкен футболға жетелеген клубқа, жанкүйерлерге, бапкерлерге және командаластарына алғыс білдірді.

"Рахмет, “Қайрат”!

Мен мұнда өмірімнің үлкен бөлігін өткіздім. Өстім, үйрендім және күн сайын жақсырақ болуға тырыстым. Бұл клуб маған үлкен футболдағы алғашқы қадамымды жасауға және арманымның соңынан еруге мүмкіндік берді.

Жанкүйерлерге әрдайым сезінген қолдауы үшін алғыс айтамын. Академиядағы барлық бапкерлерге, негізгі құрамның жаттықтырушылар штабына, клуб басшылығына, Қайрат Советайұлына және барлық командаластарыма рахмет.

Сары-қара жейдені кию мен үшін үлкен мәртебе болды. Мұны мен ешқашан ұмытпаймын!" — деп жазды Сәтпаев.

Отандық футболдағы рекорд трансфер

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев 2025 жылдың ақпан айында лондондық "Челсимен" келісімшартқа отырған. Трансфер сомасы бонустарды қоса есептегенде шамамен 4,3 миллион еуро болған.

Бұл келісім Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер ретінде тіркелді.

Қазақстандық шабуылшы ресми түрде 2026 жылғы 12 тамызда "Челси" футболшысы атанады. Дәл сол күні Дастан Сәтпаев 18 жасқа толады.

Реклама
Реклама