Александр Меркель ресми түрде "Астана" ойыншысы атанды
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Меркель "Астана" футбол клубымен келісімшартқа отырды.
Меркельдің трансфері расталды
Клубтың ресми мәлімдемесінде Александр Меркельдің енді “Астана” ойыншысы екені айтылды.
“Астана” ФК жартылай қорғаушы Александр Меркельмен келісімшарт жасасқанын жариялады. Тәжірибелі футболшы Еуропаның бірнеше танымал чемпионатында өнер көрсеткен және Қазақстан құрамасы сапында халықаралық деңгейдегі матчтарға қатысқан.
Александр Меркель футболдағы алғашқы қадамын Германия және Италиядағы белгілі академияларда бастаған. “Штутгарт” және “Милан” жүйесінде тәрбиеленген. Кәсіби мансабында бірқатар еуропалық клубтың намысын қорғады. Олардың қатарында “Милан”, “Дженоа”, “Удинезе”, “Уотфорд”, “Хераклес” және басқа да командалар бар.
Соңғы клубы – “Жеңіс”
Александр Меркельдің “Астанаға” дейінгі соңғы клубы елордалық “Жеңіс” болды. Ол бұл командаға биыл 30 қаңтарда Дубайдың “Легентус” клубынан ауысқан.
Жартылай қорғаушы “Жеңіс” сапында 14 матчқа қатысып, 1 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt порталының дерегінше, Александр Меркельдің қазіргі нарықтық құны 500 мың еуроға бағаланады.