"Астананың" бюджеті 3,5 есе қысқарған
Қайсар Бекенов 4-5 жыл бұрын "Астананың" жылдық бюджеті 10-11 миллиард теңгені құрағанын айтты.
"Астана" футбол клубының бұрынғы бас директоры Қайсар Бекенов клубтың қазіргі қаржылық жағдайы, бюджеттің қысқаруы және меншік иесінің ауысуына қатысты пікір білдірді.
Оның пікірінше, клубты сату процесінің жүзеге аспауына байланысты мемлекеттік құрылымдарды кінәлау дұрыс емес.
"Мен бұл жағдайда кінәлілерді іздеу дұрыс деп ойламаймын. Жағдай объективті себептерге байланысты осылай қалыптасты. Министрдің мүмкіндігі мен әкімшілік ресурсы облыс әкімдерімен салыстыруға келмейді, өйткені олардың ықпал ету тетіктері әлдеқайда көп. SportQory қорының да бюджеттік міндеттемелері шектеулі. Бұған қоса, соңғы жылдары спортты қаржыландыруға қатысты заңнамада өзгерістер болды. Клубтың қарызы — бюджетінің айтарлықтай қысқаруының табиғи нәтижесі. Бұл туралы көп айтыла бермейді, бірақ өте маңызды фактор", - деді Бекенов KazFootball.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Бекенов 4-5 жыл бұрын "Астананың" жылдық бюджеті 10-11 миллиард теңгені құрағанын айтты. Ал биыл клубтың "Самұрық-Қазына" тарапынан бекітілген қаржыландыру көлемі 3 миллиард теңге болған.
"Ресми инфляцияны ғана ескерсек, қазіргі 3 миллиард теңге бес жыл бұрынғы шамамен 1,8 миллиард теңгеге тең болар еді. Яғни клуб бюджеті номиналды түрде 3-3,5 есе, ал нақты мәнінде 5-6 есе қысқарды", - деді ол.
Сонымен қатар Бекенов демеуші қаражатының әртүрлі спорт жобалары арасында бөлінуіне де назар аударды.
Оның айтуынша, биыл хоккей клубы "Барыстың" бюджеті 9 миллиард теңге деңгейінде сақталса, "Астана" велокомандасының бюджеті де өткен жылғы көлемде, яғни 6 миллиард теңге шамасында қалған.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр құрылтайда елде футболды дамыту маңызды екенін айтып жүр. Соған қарамастан, үнемдеуді дәл осы спорт түрінен бастағандай әсер қалдырады. Ал хоккей мен велокомандаға бөлінетін қаржы сақталып отыр", - деді Бекенов.