"Каспий" футболшылары мінген автобус Қызылорда жолында бұзылып қалды
Ақтаудың "Каспий" ФК Қазақстан Премьер-лигасының 18-турында "Қайсарға" қарсы матч алдында күтпеген қиындыққа тап болды.
Команда жаттығусыз қалды
Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, "Каспий" футболшылары мен жаттықтырушылар штабы отырған автобус Шымкенттен Қызылордаға бара жатқан жолда істен шыққан.
Осы жағдайға байланысты ақтаулық команда Қызылордада жоспарланған матч алдындағы жаттығуын өткізе алмады.
Футболшылар минивэндермен жеткен
Автобус бұзылғаннан кейін клуб өкілдері мен ойыншылар бірнеше шағын көлікке бөлініп, Қызылордаға өзге жолмен жетуге мәжбүр болған.
Логистикалық мәселе команданың ойынға дайындық жоспарына өзгеріс енгізді.
Ерлан Шойтымов жаттықтыратын «Каспий» кезекті турда сырт алаңда Қызылорданың «Қайсар» командасымен кездеседі.
"Каспий" ҚПЛ-де 17 турдан кейін 17 ұпай жинап, турнир кестесінде 13-орында тұр. Ал "Қайсар" 18 кездесуден кейін 18 ұпаймен 12-сатыда орналасқан.