ӘЧ-2026: ФИФА төлемінен ең көп пайда тапқан клубтар белгілі болды
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін клубтарға берілетін өтемақы көлемі белгілі болды. The Athletic басылымының есебіне сәйкес, бұл тізімде үшінші рет қатарынан "Манчестер Сити" көш бастап тұр.
Биылғы әлем чемпионатында Club Benefits Programme (CBP) бағдарламасының жалпы қоры 355 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш Ресей (2018) және Катарда (2022) өткен мундиальдармен салыстырғанда шамамен 70 пайызға көп.
Бағдарлама аясында:
- 250 миллион доллар финалдық кезеңге қатысқан футболшылардың клубтарына бөлінеді;
- 100 миллион доллар іріктеу матчтарына қатысқан ойыншылар үшін қарастырылған;
- қалған 5 миллион доллар клубтық футболды дамытуға бағытталады.
Ең көп табыс тапқан клубтар
The Athletic мәліметінше, “Манчестер Сити” әлем чемпионатына қатысқан ойыншыларының арқасында шамамен 4,4 миллион доллар алады. Клуб сапынан Райан Шерки, Марк Гехи, Нико О'Райли, Джон Стоунз, Джеймс Траффорд және Родри турнирдің шешуші кезеңіне дейін жеткен. Ең көп төлем алатын клубтардың алғашқы бестігі төмендегідей:
- “Манчестер Сити” – 4,4 млн доллар;
- “Барселона” – 3,9 млн доллар;
- “Бавария” – 3,4 млн доллар;
- “Арсенал” – 3,3 млн доллар;
- “ПСЖ” – 3,2 млн доллар.
Еуропа клубтарының үлесі азайды
Басылымның дерегіне сәйкес, Еуропа клубтары ФИФА бөлетін жалпы қаражаттың шамамен 70 пайызын иеленеді. Бұл 2018 және 2022 жылғы көрсеткіштерден (76%) төмен. Мұндай өзгеріске әлем чемпионатына қатысушылар санының 48 командаға дейін ұлғаюы әсер етті. Қосылған 16 құраманың тек үшеуі ғана Еуропа атынан қатысты.