"Ливерпульдің" бұрынғы футболшысы "Ақтөбеге" келді
Англиялық вингер Шейи Оджо мансабын Қазақстан Премьер-лигасында жалғастыруы мүмкін.
Шейи Оджо “Ақтөбемен” келіссөз жүргізіп жатыр
“Серый CARDINAL” телеграм-арнасының мәліметінше, 29 жастағы футболшы “Ақтөбенің” ұсынысын қарастырып жатыр. Ойыншы қала мен клубтағы жағдаймен танысу үшін Қазақстанға келген. Егер тараптар барлық мәселе бойынша ортақ келісімге келсе, Оджо қызыл-ақтардың қатарына еркін агент ретінде қосылуы мүмкін.
Әзірге «Ақтөбе» клубы ықтимал трансфер туралы ресми ақпарат таратқан жоқ.
“Ливерпуль” сапында Премьер-лигада ойнаған
Шейи Оджо – “Ливерпуль” футбол мектебінің тәрбиеленушісі. Ол мерсисайдтық клубтың жүйесіне 2011 жылы қосылған. Команданың негізгі құрамында барлық турнирді есептегенде 13 матч өткізіп, бір гол соқты.
Оның Англия Премьер-лигасындағы көрсеткіші:
- 8 матч;
- 3 нәтижелі пас.
Оджо жас кезінде Англия футболындағы ең әлеуетті ойыншылардың бірі саналған.
Қандай клубтарда өнер көрсетті?
“Ливерпульге” тиесілі болған кезеңде футболшы бірнеше командада жалға ойнады.
Ол мансабында:
- “Уиган”;
- “Вулверхэмптон”;
- “Фулхэм”;
- “Реймс”;
- “Рейнджерс”;
- “Кардифф Сити”;
- “Миллуолл” клубтарының намысын қорғады.
2022 жылдың жазында келісімшарты аяқталған соң “Ливерпульден” біржола кетті.
Соңғы клубы – “Марибор”
Англиялық футболшының соңғы командасы Словенияның “Марибор” клубы болды. Ол бұл ұжымға 2024 жылдың қыркүйегінде қосылған.
Оджоның келісімшарты 2026 жылғы 30 маусымға дейін есептелген. Сондықтан “Ақтөбеге” трансферлік өтемақысыз ауыса алады.
29 жастағы ойыншы негізінен оң қапталдағы вингер позициясында әрекет етеді. Клубтық мансабында ол:
- 353 матч өткізді;
- 42 гол соқты;
- 35 нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар Оджо Англияның жастар құрамасы сапында бір матчқа қатысты. Оның трансферлік құны шамамен 600 мың еуроға бағаланады.