"Үйден көреміз": жанкүйерлер "Қайраттың" "Омониямен" матчқа қойған билет бағасын сынға алды

Жекпе-жек шолушысы
24.07.2026, 21:20

Жанкүйерлер Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі "Омонияға" қарсы қарымта матчтың билет бағасына наразылық білдірді.

instagram/@f.c.kairat

Жанкүйерлер билет бағасын төмендетуді сұрады

Алматылық команданың Instagram парақшасындағы пікірлерде жанкүйерлер клуб басшылығының шешімін сынға алды. Көптеген жанкүйер билеттердің қымбаттығына байланысты матчты үйден көруге мәжбүр болатынын жеткізді.

"Ойынды үйден көреміз. Бірақ трансляция да ақылы болып жүрмесін", — деп жазды жанкүйерлердің бірі.

Тағы бір қолданушы стадионның жартылай бос қалғанынан гөрі билетті арзандатып, трибуналарды толық толтыру тиімді болатынын атап өтті.

"Билетті 5–10 мың теңгеден сатып, стадионды жартылай толтырудың мәні неде? Бағаны 3–4 мың теңге етіп, аренаны толық толтырған дұрыс емес пе? Командаға жанкүйерлердің қолдауы қажет", — делінген пікірде.

"Халықтық командаға" мұндай баға жараспайды

Жанкүйерлердің бір бөлігі қақпа сыртындағы орындардың өзі 5 мың теңгеден басталатынына назар аударды. Олардың пікірінше, бұл баға "Қайраттың" халықтық клуб деген мәртебесіне сәйкес келмейді.

"Қақпа сыртындағы билет 5 мың теңге тұрады. Тағы да жартылай бос стадион болады. Бұл халықтық команда ма, әлде жанкүйерлерден алыстаған клуб па?" — деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Кейбір пікір иелері билет құнының 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін жетуін негізсіз деп санайды. Олар мұндай баға футболға деген қызығушылықты төмендетіп, жанкүйерлерді стадионнан алыстататынын айтты.

Жанкүйерлер ҚПЛ матчтарындағы бағаны қалдыруды ұсынды

Пікір білдірушілердің басым бөлігі билеттердің құнын Қазақстан Премьер-лигасындағы кездесулер деңгейінде қалдыру керектігін жазды.

"Командаға дәл қазір қолдау қажет. Осындай маңызды матч алдында билеттің бағасын төмендеткен дұрыс еді. Бұл — қате шешім", — деп жазды жанкүйерлердің бірі.

Тағы бір пікірде еурокубоктың алғашқы кезеңдерінде билетті қымбаттатудың қажеті жоқ екені айтылды.

"Негізгі кезеңге дейінгі алғашқы төрт раундта бағаны көтермеу керек. Қазір клубқа толы стадион мен жанкүйерлердің қолдауы маңызды", — делінген жазбада.

Өткен маусымдағы аншлаг мысалға келтірілді

Жанкүйерлер былтырғы еурокубок матчтарын да еске алды. Олардың айтуынша, сол кезде алғашқы кезеңдердегі билеттер 1 мың теңгеден басталып, стадионда бірнеше матч қатарынан аншлаг тіркелген.

Билет бағасы тек шешуші кезеңдегі "Селтикке" қарсы ойын алдында көтерілген. Жанкүйерлердің пікірінше, дәл осындай тарифті турнирдің ерте кезеңінде енгізу орынсыз.

"Егер команда төртінші кезеңге қайта шықса, осындай баға қоюға болар еді. Ал қазір клубқа жанкүйерлердің қолдауы қажет болса, билетті арзандату керек", — деп жазды жанкүйерлер.

Реклама
Реклама