"Ақтөбе" ҚПЛ-де үздік үштікке кірді (ВИДЕО)
"Ақтөбе" ФК Қазақстан Премьер-лигасының 19-турында Көкшетаудың "Оқжетпесін" жеңді.
Атанасов есепті бесінші минутта ашты
Алаң иелері кездесуді жоғары қарқында бастап, бесінші минутта-ақ алға шықты. Яни Атанасов қарсыластар қақпасына дәл соққы бағыттады. Бірінші таймның жалғасында Темірлан Ерланов баспен гол соғып, есеп айырмасын екі допқа жеткізді.
Үзіліске дейін "Оқжетпес" бір голмен жауап қайтарды. Көкшетаулықтар сапынан Шахбоз Умаров мергендік танытып, есепті 2:1-ге дейін қысқартты.
Сейдахметтің соққысы маңдайшаға тиді
Екінші таймда "Ақтөбе" шабуылда белсендірек қимылдап, бірнеше қауіпті мүмкіндік ұйымдастырды.
Сондай сәттердің бірінде Еркебұлан Сейдахметтің соққысы қақпа маңдайшасына тиді. Дегенмен матчтың қалған бөлігінде командалар гол соға алмады.
Осылайша кездесу 2:1 есебімен аяқталды.
Бұл жеңістен кейін "Ақтөбенің" еншісінде 31 ұпай болды. Турнир кестесінде "Оқжетпесті" басып озып, Қазақстан Премьер-лигасының үздік үштігіне кірді.