Келісілген матч па? ҚФФ "Ұлытау" – "Ертіс" кездесуіне қатысты тексеріс жүргізбек

Бас редактор
Бүгін, 15:52

Бұған ойын алдындағы букмекерлік коэффициенттердің күмәнді өзгеруі және әлеуметтік желідегі нақты болжамдар себеп болды. 

offside.kz

Қазақстан футбол федерациясы "Ұлытау" мен "Ертіс" арасындағы матч келісілген болуы мүмкін деген күдікке байланысты тексеріс жүргізеді. Бұл туралы Еrkin Аlan хабарлады.

Дереккөз мәліметінше, матч алдында букмекерлік кеңселердегі коэффициенттерде аномалды өзгерістер тіркелген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ойын басталмай тұрып қонақтардың жеңетіні туралы нақты болжамдар тараған. Мұндай хабарламалар Қазақстан футбол федерациясына матч басталғанға дейін түскені айтылып отыр.

Фото: offside.kz

Матч қалай аяқталды?

ҚПЛ-дің 19-туры аясындағы "Ұлытау" – "Ертіс" кездесуі Жезқазғанда өтті. Ойын 2:1 есебімен павлодарлық "Ертістің" пайдасына шешілді. 

Есепті 17-минутта "Ертіс" қорғаушысы Марко Евтич ашты. 38-минутта "Ұлытау" ойыншысы Давид Мартен таразы басын теңестірді. Алайда бірінші таймға қосылған уақытта, 45+1-минутта, "Ертіс" шабуылшысы Жан Морель По жеңіс голын соқты.

Турнир кестесіндегі жағдай

Бұл жеңіске қарамастан, "Ертіс" Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде соңғы, 16-орында қалып отыр.

Павлодарлық клубтың еншісінде 14 ұпай бар. Ал "Ұлытау" 27 ұпаймен алтыншы орында тұр.

Реклама
Реклама