Францияда футболшылардың төбелесі кезінде әйел төреші жарақат алды (ВИДЕО)
Франциядағы жолдастық матч кезінде жаппай төбелесті тоқтатуға тырысқан бас төреші Матильда Демонсэның миы жеңіл шайқалғаны анықталды.
Оқиға “Мец” пен “Фортуна” матчында болды
Жағдай Францияның Форбак қаласында “Мец” пен Нидерландтың “Фортуна” клубтары арасындағы жолдастық кездесуде болған. Матчтың 39-минутында футболшылар арасында жаппай жанжал басталды. Кездесудің бас төрешісі болған Матильда Демонсэ ойыншыларды ажыратуға әрекеттенген. Бірақ төбелес кезінде 26 жастағы арбитрге соққы тиіп, алаңға құлап түсті.
Матильда Демонсэ бірнеше минут бойы көгалда жатып қалды. Оған төрешінің көмекшілері, дәрігерлер және қауіпсіздік қызметінің мамандары көмекке келді.
Матч қайта жалғасқаннан кейін Демонсэ біраз уақыт қапталдағы төреші ретінде жұмысын жалғастырды. Дегенмен үзілістен кейін алаңға қайта оралмады.
Футболшылар кешірім сұрады
Кездесу аяқталған соң ойыншылар Матильда Демонсэден кешірім сұрады. Сондай-ақ оған “Мец” клубының жейдесін сыйға тартты.
Кейінгі медициналық тексеру нәтижесінде төрешінің миы жеңіл шайқалғаны белгілі болды.