"Қайрат" капитаны Біржан Оразов ресми түрде жаңа клубқа ауысты
Ұлттық құрама көшбасшысы Біржан Оразов "Семей" футзал клубының ойыншысы атанды.
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, алматылық “Қайраттың” капитаны жаңа маусымнан бастап “Семейдің” намысын қорғайды.
“Енді Біржан жаңа мансабын “Семей” сапында жалғастырып, командамен бірге Қазақстан чемпионаты мен УЕФА Чемпиондар Лигасында ең жоғары мақсаттар үшін күресетін болады.
“Семейге” қош келдің, Біржан!”
Қазақстан футзалының көшбасшысы
Біржан Оразов Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол 2022 жылғы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені атанып, соңғы жылдары ел футзалының басты жұлдыздарының біріне айналды. Тәжірибелі шабуылшы кәсіби мансабында бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алған.
Айта кетейік, алдыңғы маусымда Қазақстан чемпионатының финалында семейлік клуб “Қайраттан” 3:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған.