Жарнама
Жарнама

"Спартак" Максим Самородов үшін ұсынысын еселеді

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Мәскеудің "Спартагымен" жеке келісімшарт талаптарын келісті.

"Спартак" Максим Самородов үшін ұсынысын еселеді
sportbox.ru

“Спартак” 8 миллион еуро ұсынды

Журналист Анар Ибрагимовтың мәліметінше, мәскеулік клуб 24 жастағы қазақстандық футболшы үшін ұсынысын айтарлықтай арттырған. “Спартак” Максим Самородовтың трансферіне бонустарды қоса есептегенде 8 миллион еуро төлеуге дайын.

Бұған дейін мәскеуліктердің алғашқы ұсынысы шамамен 4 миллион еуро болған. Кейін “қызыл-ақтар” трансфер сомасын екі есе көтерген.

Ибрагимов бұған дейін тараптардың 6-7 миллион еуро және қосымша бонустар көлеміндегі ұсыныс бойынша мәмілеге келуі мүмкін екенін жазған.

Самородов Черчесовпен сөйлескісі келеді

Ақпаратқа сәйкес, Максим Самородов ықтимал трансферге қатысты “Ахматтың” бас бапкері Станислав Черчесовпен жеке сөйлесуді жоспарлап отыр.

Қазақстандық шабуылшының мәскеулік клубқа ауысуға ниетті екені де айтылады. Самородов Черчесовтың кезінде “Спартакпен” тығыз байланысты болғанын ескеріп, бапкер мен “Ахмат” басшылығы трансфер мәселесіне түсіністікпен қарайды деп үміттенеді.

Дереккөздің сөзінше, футболшының “Спартакпен” жеке келісімшарт талаптары алдын ала келісілген. Осылайша қазір басты мәселе – екі клубтың трансфер құны бойынша ортақ шешімге келуі.

Максим Самородовтың статистикасы

Ағымдағы маусымда Қазақстан құрамасының форварды 4 матч өткізіп, 1 гол соққан. Өткен маусымда Самородов барлық турнирде 34 кездесуге қатысып, 5 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.

Transfermarkt порталы қазақстандық футболшының нарықтық құнын 3 миллион еуроға бағалайды.

Жарнама
Жарнама