Жарнама
Жарнама

"Шегінер жер жоқ": Оразбахтин "Левскиге" қарсы матч алдында мәлімдеме жасады

Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Оразбахтин Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі болгариялық "Левскиге" қарсы қарымта кездесу алдында командасының дайындығы мен ойын жоспары туралы айтты.

"Шегінер жер жоқ": Оразбахтин "Левскиге" қарсы матч алдында мәлімдеме жасады
Instagram/@fckairat_academy

Оразбахтин: "Барлығы қарымта қайтаруға дайын" 

Бас бапкер алғашқы кездесудегі сәтсіздік командаға ауыр тигенін атап өтті.

"Кез келген жеңілістен кейін жағымсыз әсер қалатыны түсінікті. Әсіресе алғашқы матчта голды кездесудің соңғы минуттарында жіберіп алғанымыз жігіттерге ауыр тиді. Бірақ олардың көңілі қалғанымен, қазір командада ерекше жігер бар. Барлығы өз алаңымызда қарымта қайтарып, сапалы футбол көрсетіп, бізге қажетті нәтижеге қол жеткізуді қалайды", — деді Оразбахтин.

"Левскидің" ойыншыларын жоғары бағалады

Рафаэль Оразбахтин қарсыластың деңгейіне де тоқталды. Оның пікірінше, турнирдің осы кезеңіне жеткен командаларды әлсіз немесе мықты деп бөлу дұрыс емес.

"Командаларды бір-бірімен салыстырып, кім әлсіз немесе кім мықты екенін айту дұрыс болмайды. Бұл — ойын мәнері бөлек екі команда. Қазіргі кезеңде барлық қарсыластың деңгейі жоғары. "Левски" жазда құрамын жақсы футболшылармен күшейтті. Тіпті олардың кез келген ойыншысы біздің командамызға да пайдасын тигізе алар еді деп ойлаймын. Құрамында шынымен сапалы орындаушылар бар", — деді "Қайраттың" бас бапкері.

"Қайрат" шабуылда белсендірек ойнамақ

Алматылық клуб алғашқы кездесуде 0:1 есебімен жеңілгендіктен қарымта матчта гол соғуға міндетті. Оразбахтин осы жағдай команданың тактикасына әсер ететінін жеткізді.

Оның айтуынша, "Қайрат" шабуылда агрессивті қимылдауға тырысады. Бірақ қорғанысты да ұмытпау қажет.

"Бізге шегінер жер жоқ. Қалыптасқан жағдай белсендірек ойнауды талап етеді. Әсіресе шабуылда агрессияны арттыруға тырысамыз. Бірақ бар күшпен алға ұмтылып кетпейміз. Қарсыластың жылдам әрі жоғары деңгейдегі ойыншылары бар, олар кез келген қателікті пайдалана алады. Сондықтан шабуыл мен қорғаныс арасындағы тепе-теңдікті дұрыс сақтау маңызды", — деді маман.

Бапкер қарымта матч өтетін Түркістандағы стадионның газоны туралы да пікір білдірді.

Оразбахтиннің сөзінше, алаңды әлі өзі тексеріп үлгермеген. Дегенмен клуб агрономы газонның жақсы жағдайда болатынын айтқан.

Алғашқы матчта "Қайрат" соңғы минуттарда жеңілді

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуде "Қайрат" Софияда "Левскиден" 0:1 есебімен жеңілген.

Кездесудегі жалғыз гол ойынның соңғы бөлігінде соғылды. Болгариялық клубқа жеңіс сыйлаған доптың авторы — португалиялық Сержинью.

Енді алматылық команда келесі кезеңге жолдама алу үшін қарымта кездесуде нәтижені өз пайдасына өзгертуге тырысады.

"Қайрат" пен "Левски" арасындағы жауапты матч 11 тамызда "Түркістан Арена" стадионында өтеді.

Жарнама
Жарнама