Роналдудың "Әл-Насрдағы" жаңа серіктесі белгілі болды
Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубы құрамын Португалия құрамасының тағы бір футболшысымен толықтырды.
Саму Кошта Сауд Арабиясына келді
25 жастағы португалиялық футболшы соңғы үш маусымды Испания Ла Лигасында өткізді. Осы уақыт аралығында "Мальорканың" негізгі ойыншыларының біріне айналды.
"Әл-Наср" жаңа ойыншысының трансферін ресми түрде таныстырып, әлеуметтік желідегі парақшаларында арнайы бейнеролик жариялады.
Саму Кошта өткен маусымда Испания чемпионатында 36 матчқа қатысып, жеті гол соқты. Сонымен қатар командаластарына екі нәтижелі пас берген.
Роналду мен Феликске тағы бір португалиялық қосылды
Қазір "Әл-Наср" сапында Португалия футболының бірнеше танымал өкілі бар. Команданың басты жұлдызы – Криштиану Роналду. Сондай-ақ клуб сапында Жоау Феликс те өнер көрсетеді.
Transfermarkt бағалауынша, жартылай қорғаушының нарықтық құны шамамен 15 миллион еуро. Ал бірқатар БАҚ мәліметіне сәйкес, "Әл-Наср" футболшының трансфері үшін "Мальоркаға" шамамен 22 миллион еуро төлеген болуы мүмкін.
Саму Кошта Португалия құрамасына да шақырту алып жүрген футболшылардың бірі. Енді жаңа маусымда Криштиану Роналдумен бірге Сауд Арабиясы чемпионатында өнер көрсетеді.