Жас ауыр атлеттер Азия чемпионатында сенсация жасады (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасының жас ауыр атлеттері Ташкентте жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлде қорын толықтырды.
Снежана Кашкарова үш рекорд жаңартты
Жетісу облысының өкілі Снежана Кашкарова жарыстың басты қаһармандарының біріне айналды. Ол жастар арасындағы бәсекеде қос алтын медальмен шектелмей, бірден үш Азия рекордын тіркеді.
Кашкарова жұлқа көтеруде 88 келіні, серпе көтеруде 112 келіні бағындырды. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысында 200 келі көрсеткішпен бірінші орын алды. Осылайша зілтемірші жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс нәтижесі бойынша құрлықтық рекордтарды жаңартты.
Жастар арасындағы нәтиже:
- Снежана Кашкарова (Қазақстан) — 200 кг (88+112)
- Хё Дам Чжан (Оңтүстік Корея) — 184 кг (77+107)
- Нұрсила Берікбол (Қазақстан) — 176 кг (77+99)
Нұрсила Берікбол қола медаль иеленді
Ұлытау облысының атынан сынға түскен Нұрсила Берікбол да жүлдесіз қалған жоқ. Жұлқа көтеруде 77 келіні, серпе көтеруде 99 келіні көтеріп, жалпы есепте 176 келімен үшінші орынға тұрақтады.
Осы нәтиже Нұрсилаға жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдесін алып келді.
Кашкарова юниорлар арасында да чемпион атанды
Снежана Кашкарова юниорлар арасындағы есепте де қарсыластарынан басым түсті. Оның 200 келілік нәтижесі алтын медаль үшін жеткілікті болды. Қазақстандық атлет өзбекстандық Маржона Абдумуталовадан небәрі бір келіге озып кетті.
Юниорлар арасындағы нәтиже:
- Снежана Кашкарова (Қазақстан) — 200 кг (88+112)
- Маржона Абдумуталова (Өзбекстан) — 199 кг (90+109)
- Розалинда Фаустино (Филиппин) — 188 кг (83+105)
Снежана Кашкарованы қазақстандық маман Алексей Клиновицкий жаттықтырады. Ташкенттегі Азия чемпионатындағы екі жеңіс оның халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі табысы болды.
Ал Нұрсила Берікбол бұған дейін де құрлықтық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдеге іліккен.
Берікболдың жетістіктері
Нұрсила Берікбол 2009 жылдың 24 шілдесінде Қызылорда облысында дүниеге келген.
Ол бұған дейін жастар арасындағы Азия чемпионаттарында екі рет қола медаль жеңіп алған. 2024 жылы 59 келіге дейінгі салмақта, ал 2025 жылы 63 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке енді.
Сондай-ақ қазақстандық ауыр атлет 2025 жылғы жасөспірімдер Азия ойындарында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленген.
Нұрсила Берікбол — Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ауыр атлетикадан Ташкенттегі жастар мен юниорлар арасындағы Азия чемпионаты 14 тамызға дейін жалғасады.