Қазақстан еурокубоктардағы жанкүйерлер саны бойынша үздік 15 елдің қатарына енді
Зерттеуде Қазақстан клубтарының Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу кезеңдеріндегі өз алаңындағы кездесулері есепке алынған.
Нәтижесінде, Қазақстан еурокубоктардың 2026/27 жылғы іріктеу кезеңіндегі матчтарда стадиондардың орташа толымдылығы бойынша Еуропа елдері арасында 13-орынға жайғасты. Биыл еурокубоктарда ел намысын төрт команда қорғап, өз стадиондарында жалпы сегіз матч өткізді.
Қазақстан ареналарының орташа толымдылығы 69,5%-ды құрады. Ал бір ойынға орта есеппен 11 649 жанкүйер келген. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Швейцарияны (66%) және Хорватияны (65,6%) басып озды.
Рейтингте көш бастаған Чехияда еурокубоктардың іріктеу кезеңіндегі стадиондардың орташа толу көрсеткіші 90,4% болды. Екінші орында Италия (89,9%), ал үздік үштікті Нидерланд (89,4%) түйіндеді.
Еурокубокта өнер көрсеткен клубтар
2026/27 жылғы маусымда Қазақстан атынан төрт клуб халықаралық аренада бақ сынады. "Астана" мен "Елімай" Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде жарыстан шығып қалса, "Тобыл" осы турнирдің үшінші кезеңінде жеңіліске ұшырады.
Қазіргі таңда еурокубокта өнер көрсетіп жатқан Қазақстанның жалғыз клубы алматылық "Қайрат". Алматылық клуб Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде болгариялық "Левскиге" жол бергеннен кейін Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті. Алайда алғашқы матчта алматылықтар бельгиялық "Андерлехттен" 0:3 есебімен жеңілді.