Олимпиада чемпионы Месси ойнайтын "Интер Майамиді" жаттықтырады
Команданы Аргентина құрамасымен Олимпиада чемпионы атанған Кристиан Альберто "Кили" Гонсалес басқарады.
Кили Гонсалес қызметіне қашан кіріседі?
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, 52 жастағы аргентиналық маман АҚШ-та жұмыс істеуге қажетті құжаттары рәсімделгеннен кейін міндетіне кіріседі.
Жаңа бапкер командаға қосылғанға дейін "Интер Майамиді" уақытша Гильермо Ойос жаттықтырады.
Кили Гонсалес бапкерлік мансабын 2020 жылы туған еліндегі "Росарио Сентраль" клубында бастаған. Кейін "Унион" және "Платенсе" командаларының тізгінін ұстады.
"Интер Майами" оның Аргентинадан тыс жердегі алғашқы жұмыс орны болмақ.
Еуропаның танымал клубтарында ойнаған
Гонсалес футболшы кезінде Аргентинаның бірнеше командасында өнер көрсетіп, Еуропада да жарқын із қалдырды. Ол Италияның "Интеры", Испанияның "Валенсия" мен "Сарагоса" сапында ойнаған.
2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында Аргентина құрамасымен бірге алтын медаль жеңіп алды.
Месси келгелі үшінші аргентиналық бапкер
Кили Гонсалес Лионель Месси "Интер Майами" сапына ауысқалы бері клубты жаттықтыратын үшінші аргентиналық маман атанды.
Бұған дейін америкалық команданы:
Херардо Мартино — 2023–2024 жылдары;
Хавьер Маскерано — 2025–2026 жылдары басқарған.