"Ордабасы" басшылығында өзгеріс болды
Сербиялық функционер Сава Ковачевич клубтан кетті. Ол 2024 жылдың басынан бері "Ордабасының" футбол орталығына жетекшілік етіп келген болатын.
Шымкенттік "Ордабасы" клубының құрылымында кадрлық өзгеріс болды. Сербиялық функционер Сава Ковачевич клубтан кетті. Ол 2024 жылдың басынан бері "Ордабасының" футбол орталығына жетекшілік етіп келген болатын.
AmanVIBE мәліметінше, бастапқыда Сава Ковачевичтің орнына испаниялық Хасинто Магринья тағайындалуы жоспарланған. Алайда кейін "Ордабасы" басшылығының жоспары өзгерген.
Бұған Роберто Мореноның Оңтүстік Корея ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалуы әсер еткен.
Дереккөздің хабарлауынша, Роберто Морено Оңтүстік Корея құрамасына келгеннен кейін Хасинто Магриньяны өзінің бапкерлер штабына шақырған.
Осыған байланысты испаниялық маманның "Ордабасыға" келуі мүмкін болмай қалған.
"Ордабасы" жаңа маман іздеп жатыр
Қазіргі уақытта шымкенттік клуб футбол орталығына жаңа басшы іздеуді жалғастырып жатыр.
"Ордабасы" басшылығы Батыс Еуропадан маман шақыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте клуб үшін басым бағыттың бірі – испаниялық футбол мамандары.
Әзірге футбол орталығының жаңа жетекшісі кім болатыны ресми түрде жарияланған жоқ.