Дастан Сәтпаев Англиядағы Қазақстан құрамасына арнайы барды
"Бернли" клубының қазақстандық шабуылшысы Дастан Сәтпаев Қазақстан U-21 құрамасының жаттығу лагеріне арнайы барды.
Жастар құрамасымен кездесті
Қазақстанның жастар құрамасы Англияда "Уикомб Уондерерс" клубының базасында алдағы ойындарға дайындалып жатыр. Команданың жаттығуына Дастан Сәтпаев та келіп, футболшылармен кездесті.
Қазақстан футбол федерациясы бұл сәттің видеосын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.
"Бізге кім келді? Дастан Сәтпаев қонаққа соғып, алдағы матчтарда сәттілік тіледі. Қазір Дастан жарақатынан кейін ем қабылдап, алаңға оралу үшін қалпына келуін жалғастырып жатыр. Тезірек сауығып, ойынға оралуыңды тілейміз, Дастан! Сені сағындық!" – делінген ҚФФ хабарламасында.
Қазақстандық шабуылшы қазір алған жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтуде. Осы себепті Сәтпаев әзірге ресми матчтарға қатыспай жүр.
Футболшының басты мақсаты – толықтай сауығып, жаттығу процесіне және ойындарға қайта оралу.
Қазақстан U-21 құрамасын үш маңызды матч күтіп тұр
Владимир Чебурин жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде алдағы күндері үш кездесу өткізеді.
- 25 қыркүйек. Англия – Қазақстан. Матч Вулверхэмптондағы "Молинью" стадионында өтеді.
- 29 қыркүйек. Ирландия – Қазақстан. Кездесу Корк қаласындағы "Тернерс Кросс" аренасында ұйымдастырылады.
- 6 қазан. Молдова – Қазақстан. Ойын Ниспорены қаласындағы Орталық стадионда өтеді.