Жарнама
Жарнама
"Бұл менің қателігім": Ван ’т Шкип Молдоваға қарсы жеңілістің себебін түсіндірді
Instagram/@kff_team

"Бұл менің қателігім": Ван ’т Шкип Молдоваға қарсы жеңілістің себебін түсіндірді

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон Ван ’т Шкип Ұлттар лигасында Молдовадан 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін пікір білдірді.

Алғашқы таймда жоспар орындалмады

Ван ’т Шкиптің айтуынша, Қазақстан құрамасы кездесуді өздері келіскен ойын жүйесіне сай бастай алмаған. Доптан айырылған сәттерде қарсыласқа қысым жасау қиындап, молдовалықтарға мүмкіндік берілген.

Бас бапкер алғашқы голдың алдын алуға болатынын атап өтті. Қазақстандық футболшылар қарсылас ойыншысын соңына дейін бақыламай, оның соққы жасауына жол берген. Ал стандарттан соғылған екінші гол Словакиямен өткен кездесудегі жағдайды қайталаған.

"Нәтижеге қатты көңілім толмайды. Екінші таймда қысымды күшейтіп, үзіліске дейін жетіспеген жігерді көрсеттік. Бастаманы қолға алып, екінші голды соғуға мүмкіндік алдық. Бірақ матчтың тағдырын алғашқы таймда-ақ қиындатып алдық", — деді Ван ’т Шкип.

Тактикалық қатесін мойындады

Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы Молдованың қорғанысқа көп ойыншы жұмылдыратынын білген. Сондықтан шабуылды қапталдар арқылы дамыту көзделіп, Мрынский мен Вороговскийге допты сол аймақтарға жылдам жеткізу тапсырылған.

Бірақ негізгі қиындық алаң ортасында туындаған. Бапкердің пікірінше, Исламхан мен Оразов кей сәттерде өз позицияларынан шығып кетіп, доп жоғалғаннан кейін команда тиімді прессинг жасай алмаған. Оразов пен Караман арасындағы үйлесімнің жеткіліксіздігі де қарсыласқа бос кеңістік қалдырған.

"Мұны өзімнің бапкерлік қателігім деп санаймын. Молдоваға қарсы шабуылға көбірек мән беріп, жартылай қорғаушыларды қарсыластың қорғаныс пен жартылай қорғаныс шептерінің арасына орналастырғым келді. Өкінішке қарай, бұл жоспардан пайда көре алмадық", — деп түсіндірді маман.

Тапалов пен Тұяқбаев ойынға қалай әсер етті?

Үзілістен кейін бапкер ойынға түзету енгізген. Алаңға шыққан Тапалов тірек аймағындағы тепе-теңдікті жақсартса, Тұяқбаев сол қапталдағы ойынды күшейткен.

Ван ’т Шкип команда есепті теңестіру үшін бар күшін салғанын, алайда мүмкіндіктерді пайдалануға сәттілік те жетіспегенін айтты.

Ұлттар лигасының үшінші турындағы матч "Астана Аренада" 2:1 есебімен Молдованың жеңісімен аяқталды. Қазақстан құрамасының жалғыз голын қорғаушы Нұралы Әліп соқты.

Джон Ван ’т Шкиптің шәкірттері келесі кездесуін 6 қазанда Астанада Фарер аралдарына қарсы өткізеді.

Жарнама
Жарнама