Жарнама
Жарнама
Бас бапкердің жалақысы: Журналист 75 мың еуроға сенбейді
kff.kz

Бас бапкердің жалақысы: Журналист 75 мың еуроға сенбейді

Подкастта бас бапкер Джон ван 'т Шкиптің айлық жалақысы мен ҚФФ бас хатшысы Скотт Манның жылдық табысы туралы телеграм-арналарда тараған сандар талқыланды.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Фарер аралдарымен тең түскеннен кейін комментатор әрі журналист Әлімжан Асқар бас бапкер Джон ван 'т Шкиптің жалақысы туралы тараған ақпаратқа күмән білдірді. Бұл туралы ол "Fonteam" YouTube арнасындағы подкастта айтты.

"Айына 75 мың еуро алады дейді"

Әңгіме телеграм-арналарда жарияланған ақпараттан басталды. Шығарылым қонағының айтуынша, бұл дерек белгілі бір арнада шығып, кейін үлкен аудиториясы бар пабликте тарап кеткен.

"Бүгін телеграм-арналарда бапкердің жалақысы туралы ақпарат шықты. Айына 75 мың еуро алады дейді", – деді подкаст қонағы.

75 мың еуро – бұл шамамен 35 миллион теңге. Әлімжан Асқар мұндай сомаға сенбейді. Журналистің пікірінше, бас бапкердің жалақысы экс-бас бапкер Талғат Байсуфиновтың айлығымен шамалас болуы ықтимал.

"Джон ван 'т Шкипті 35 миллион теңгеге шақыратындай ақымақ емес шығар. Мен 12 миллион деген ақпаратқа сенемін. Талғат Байсуфиновтың айлығы 12 миллион болды деп шыққан еді, Ван 'т Шкиптікі де соған шамалас болуы мүмкін", – деді Әлімжан Асқар.

Подкастқа қатысушылар аталған сомаға бонустар мен барлық бапкерлер штабының жалақысы қосылған болуы мүмкін деген нұсқаны да айтты.

Скотт Манның жалақысы қанша?

Әңгіме барысында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манның табысы да сөз болды. Ол туралы да нақты дерек жоқ, тек тараған ақпарат қана талқыланды.

"Скотт Манн жылына бір миллион еуро алады. Бұл — өте қомақты жалақы. Бұл бапкерді де Скотт Манн алып келген", – деді подкаст қонағы.

Студияда отырғандар бас бапкерді таңдау үшін жауапкершілік те дәл сол Скотт Манға жүктелетінін атап өтті. Әлімжан Асқардың айтуынша, Джон ван 'т Шкиптің клубтық деңгейде айтарлықтай жетістігі жоқ, сондықтан оны шақыру себебі түсініксіз.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында төрт матч өткізіп, екі-ақ ұпай жинады.

Жарнама
Жарнама