"Астана" еурокубок аймағындағы орнын нығайтты
"Астана" ФК Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 18-тур матчында Павлодарда "Ертісті" 1:0 есебімен ұтты.
Исламханның голы матч тағдырын шешті
Ойынның алғашқы минуттарында командалар тең дәрежеде өнер көрсетті. Кейін қонақтар бастаманы өз қолына алып, Мирас Рихард қорғаған қақпа маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Дегенмен бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Екінші таймның басында павлодарлық ойыншы өз айып алаңында допты қолымен ойнап, төреші пенальти белгіледі. Бауыржан Исламхан он бір метрлік соққыны дәл орындап, "Астананы" алға шығарды. Бұл гол кездесудегі жалғыз нәтижелі соққы болды.
"Астана" "Ақтөбеден" алты ұпайға ұзап кетті
Осы жеңістен кейін "Астана" 51 ұпай жинап, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Төртінші сатыдағы "Ақтөбенің" еншісінде 45 ұпай бар. Ал "Ертіс" 26 ұпаймен 13-орында қалды.
Жарнама
Жарнама