Томас Тухель Англия құрамасының бас бапкері болуға келісті

Редактор Penalty.kz
15.10.2024, 23:18

Неміс маманы Томас Тухель Англия құрамасының бас бапкері қызметін қабылдады.

Томас Тухель / Фото ESPN

Өткен аптада Ұлттар лигасында Грекиядан 1:2 есебімен үйдегі жеңілісінен кейін Англияның Футбол қауымдастығы (FA) Ли Карслиді құраманың тұрақты бас бапкері ретінде қалдырудан бас тартты.

FA Тухельмен байланысқа шығып, тез арада келісімге келді. The Times газетінің мәліметі бойынша, тараптар келісімге келді және Тухель осы аптада жаңа қызметіне ресми түрде кірісуі мүмкін.

FA-ны жедел шешім қабылдауға итермелеген тек "Уэмблиде" гректерге жеңілу ғана емес, сонымен қатар, Тухельге Еуропаның бірқатар жетекші клубтары, соның ішінде "Манчестер Юнайтедтің" қызығушылығы болды.

51 жастағы неміс маманы өткен маусымның соңында "Бавариядан" кеткеннен кейін жұмыссыз қалған болатын. Ол бұған дейін Англияда жұмыс істеп, 2021 жылы "Челсимен" Чемпиондар лигасын жеңіп алған тәжірибесі бар.