Әділет Барменқұлов: Аймақтар футболды дамытып жатқан жоқ

Редактор Penalty.kz
17.10.2024, 10:16

Кейінгі кезде кеңінен талқыланып, қоғамның ашуын туғызған мәселелер Мәжіліс қабырғасында көтерілді

KazFootball.kz

Аймақтар футболды дамытып жатқан жоқ. Тек бюджетті игерумен айналысып жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов мәлімдеді. Мәжіліс қабырғасында соңғы уақыттары қоғамның ашуын туғызған мәселелер көтерілді. Әділет Барменқұлов негізгі проблема өңірлерде екенін жеткізді. Әсіресе, әр облыс бюджетінен бөлінетін 1 миллиард 200 миллион теңгенің негізсіз екенін жеткізді және жалпы осы көрсеткіштің қайдан шыққанын түсінбейтінін алға тартты. Тіпті, ауаға ұшқан ақша деген баға берді. Өйткені, ол ешқандай түйіткілді шешуге жұмсалмайды. 

«Жалпы аймақ басшыларының футболды дамытуға қатысты нақты бағдарламасы мен жоспары жоқ. Тек жоғары лигадан шығып қалмау не алдыңғы бестікке қалайда кіру сынды мақсаттар қойылады. Ал, енді футбол жүйесін ретке келтіріп, инфрақұрылымды дамытып, оған балалар мен жасөспірімдерді тартумәселелері назардан тыс қалуда. Сондықтан, бюджеттен шыққан әр теңге тиімді қолданылып, оның есебі беріліп отыру керек», - деді  Барменқұлов.